- Барлық ақпарат
Астанада алғаш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы өтіп жатыр
ҚР Астана қаласында алғаш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik.
Шараға екі елдің бизнес-қауымдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі қатысып жатыр.
«Іс-шарада SPG Циндао порттар тобы мен Қазақстанның Құрық порты арасында Меморандумға қол қойылды. Тараптар порттарды одан әрі дамыту, пайдалану және басқару процестерін оңтайландыру, ақылды (smart) әрі экологиялық таза порттар салу, қызметкерлерді оқыту, процестерді жетілдіру аясында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті», - делінген хабарламада.
«Көлік ведомстволарының басшылары Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құруды және трансшекаралық Іле өзені арқылы Қонаев қаласынан (ҚР) Инин қаласына (ҚХР) дейін өзен бағытын құруды талқылады. Тараптар «Майқапшағай-Зимұнай» өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері өтетін жаңа шекара көпірін салып, 3-ші әуе дәлізін ашуды жоспарлап отыр», - дейді ведомство.
Күн тәртібінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын Қытайдың көршілес аймақтарымен байланыстыратын екі жаңа автомобиль өткізу бекетін ашу мәселесі де қаралды.
Сонымен қатар тараптар «Алматы-Сиань» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосуды, екі ел арасындағы әуе рейстері санын аптасына 65-ке дейін арттыруды көздеп отыр.
people.cn © People's Daily Online