Қытайға экспорттауға өнімдер тізбесіне өсімдік және мал шаруашылығының 29 түрі енгізілді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 23 мамыр

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь Қазақстан мен Қытай арасындағы құс етін импорттау және экспорттау кезінде ветеринариялық-санитариялық тексеру, карантин және азық-түлік қауіпсіздігі талаптары жөніндегі хаттамаға қол қойды. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

Аталған құжат ведомство тарапынан Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін, әсіресе Қытай бағыты бойынша, жүйелі түрде арттыру жұмыстарының нәтижесі. ҚХР-да қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары.

Жалпы, ет өнімдері бойынша екіжақты сауданы реттейтін ветеринариялық талаптарды келісу және тиісті хаттамаларға қол қою жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін мал шаруашылығы өнімдерінің түрлі түрлерін қамтитын 11 хаттамаға қол қойылды. Қытайға экспорттауға рұқсат етілген өнімдер тізбесіне өсімдік және мал шаруашылығының 29 түрі енгізілді. Экспорттаушылар тізіліміне 2483 қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Құжатқа қол қойылғаннан кейін тізілімге тағы 88 өндіруші енгізіледі.

Тараптар сондай-ақ аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото