- Барлық ақпарат
Аида Балаева ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері кеңесіне қатысты
2025 жылдың 7 шілдесінде Циндао қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 22 кеңесі өтті деп жазды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Кеңес барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, кездесудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ШЫҰ-ның мәдени диалогты дамытуға және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған халықаралық алаңға айналғанын да атап өтті.
«Мәдениет – бұл тек игі дәстүр ғана емес, болашақты жалғайтын рухани көпір. Біз ортақ бастамаларды неғұрлым белсенді дамытсақ, ШЫҰ мемлекеттерінің рухани бірлігі соғұрлым нығая түседі», – деді Аида Балаева.
А.Балаева атап өткен маңызды мәдени бастамалардың қатарында ШЫҰ Жастар фестивалі, ШЫҰ Жас көшбасшылар форумы сынды бірқатар жобалар бар. Сонымен қатар «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен 2024 жылы Алматы қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің музыкалық ұжымдары қатысқан «ШЫҰ Жібек жолы» атты алғашқы халықаралық музыкалық фестиваль ұйымдастырылды.
Алдағы перспективалар бойынша министр креативті индустрияны қолдау, туризмді дамыту және мәдениетаралық байланысты кеңейту бағытында ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Атап айтсақ, ШЫҰ елдерінде өткізілетін, ұлттық қолөнер шеберлері, кілем тоқу, қыш шеберлері мен ою-өрнек өнерінің ұсталары қатысатын көшпелі Қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесін ұйымдастыруды ұсынды.
Сонымен қатар Аида Балаева «ШЫҰ мәдени мұрасының цифрлық платформасын» құру бастамасын көтерді. Бұл платформа ШЫҰ-ға мүше елдердің виртуалды музейлерін, өнер туындыларын, мәдени нысандар каталогтарын және сала шеберлерінің бейнесабақтарын қамтитын болады.
people.cn © People's Daily Online