- Барлық ақпарат
Лубань шеберханасы Қытай-Қазақстан кәсіптік білім беру ынтымақтастығының жаңа тарауын жазды
14 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Тымырсық жаз күндерінде Тяньцзинь кәсіптік-техникалық университетінің аудиториясында аударма аспабының көмегімен Қазақстанның Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 15 оқытушысы Тяньцзинь кәсіптік-техникалық университетінің оқытушыларымен пікір алмасып жатыр. Бұл Қазақстанда енді ашылатын екінші Лубань шеберханасына арналған мұғалімдерді даярлау шарасы.
Лубань шеберханасы ежелгі Қытайдың көрнекті шебері Лубаньның есімімен аталған. Бұл Қытайдың кәсіптік білімінің «жаһандық деңгейге көтерілу» үлгісі. Шеберхана Қытайдың кәсіптік білім беру тәжірибесімен бөлісе отырып, ынтымақтастық орнатқан елдер үшін жергілікті техникалық және білікті таланттарды дайындайды.
2016 жылы Қытай Таиландта алғашқы шетелдегі Лубань шеберханасын құрды. Бүгінгі таңда Қытай 30 ел мен аймақта 34 Лубань шеберханасын салды. Оның 10-ы Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және ШЫҰ-ның басқа да мүше елдерінде қоныс теуіп, жемісті нәтижелер беруде.
2023 жылдың желтоқсан айында Тяньцзинь кәсіптік-техникалық университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бірлесіп салған Қазақстандағы алғашқы Лубань шеберханасы сынақтан өткізілді. Мұнда 400-ге жуық студент оқытылып, көлік техникасы мен технология мамандықтарына баса назар аударылады.
Тяньцзинь кәсіптік-техникалық университеті Электронды ақпараттық инженерия институтының оқытушысы Ли Гуохуэй университеттің Қазақстандағы екінші Лубань шеберханасының құрылысына жауапты тұлға. Оның айтуынша, бұл жолғы курс Қазақстанның қажеттіліктеріне сәйкес дайындалған және жасанды интеллект технологиясы бойынша төрт аптаға жуық мұғалімдер даярлығын өткізеді. Сабақ 23 маусымда басталып, 16 шілдеге дейін жалғасады.
Ли Гуохуэй соңғы жылдары Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанын және ақылды ауыл шаруашылығы, ақылды тау-кен өнеркәсібі, ақылды өндіріс, ақылды көлік және ақылды логистика саласындағы таланттарға үлкен сұраныс бар екенін айтты. Қытайдың осы салалардағы технологиялары салыстырмалы түрде жетілген. Бұл Қазақстанға практик мамандарды әзірлеруге және жергілікті салалардың дамуына қызмет етуге көмектеседі.
Қазақстанның Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Гүлден Ұлықова курста деректерді өндіру, машиналық оқыту, тереңдетіп оқыту және өнеркәсіптік интернет қауіпсіздігі бойынша төрт пән ұсынылғанын, бұл Қазақстанда техникалық білім беруді ілгерілетуге жақсы мүмкіндік болатынын айтты.
Рамазан Сәдуақасов та Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы әрі осы курсқа қатысушылардың бірі. Ол еліне қайтқаннан кейін студенттерімен осы жолы алған соңғы заманауи білім-технологияларымен, соның ішінде жүргізушісіз ұшу аппараттарымен, роботтық құрылғылармен, бетті тану және объектілерді тану технологияларымен бөлісетінін айтты. Сол арқылы Қазақстан мен Қытайдың болашақта барыс-келіс жасауына өз үлесін қоспақшы.
Лубань шеберханасы Бохай теңізі жағалауынан әлемге сапар шегіп, халықаралық кәсіптік білім алмасуды ілгерілетудің маңызды алаңына айналды. Ли Гуохуэйдің айтуынша, Лубань шеберханасының Қытайдың озық технологияларымен ынтымақтастық орнатуы олардың жергілікті дамуына жәрдемдесіп қана қоймай, сонымен қатар елдер арасындағы достық алмасу елшілерін даярлап, ортақ дамуға ықпал етпек.
people.cn © People's Daily Online