Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваға жаңа өкілеттік берілді

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 18 шілде

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімділік пен нәтижені арттыруға бағытталған шаралар туралы» жарлығына сай, Саида Мирзиёеваға жаңа өкілеттілік берілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжатта жазылғандай, Президент Әкімшілігіндегі кадр, ұйымдастыру және сараптама мәселелері бойынша негізгі өкілеттіктер Саида Мирзиёеваға өтті. Тиісінше, оған президент кеңесшілері мен әкімшілікке қарасты бөлімше бастықтарының орынбасарларын, хатшылықтың жетекшісін және өзге де басшылық лауазымдағы тұлғаларды қызметінен босату немесе тағайындау құқығы берілді.

Бұдан басқа, Президент Әкімшілігінің басшысы даму стратегиялары мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін отандық және шетелдік мамандар мен сарапшыларды тартуға құқылы. Оларға ұсынылатын еңбекақы мөлшерін және оны қандай валютада төлейтінін Саида Мирзиёева өзі шешеді.

Шавкат Мирзиёевтің жарлығына сәйкес, Саида Мирзиёеваға екі аптаның ішінде Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің жұмысын бағалау, оларды аттестациядан өткізу және қабілетті кадрларды іріктеу міндеті жүктелді.

Шавкат Мирзиёевтің кеңесшілері мен Президент Әкімшілігіне қарасты құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері 10 күн ішінде жауапты салаларын дамыту бойынша ұсыныс әзірлеп, жоспарды Саида Мирзиёеваның қарауына енгізуі тиіс.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото