Қазақстанда Shanghai SpaceSail спутниктік интернеті сынақтан өтті

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 6 тамыз

ҚР Алматы облысында Қытайдың Shanghai SpaceSail компаниясы спутниктік интернет жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе Қазақстанға арнайы барған мамандардың қатысуымен іске қосылды. Тестілеу кезінде интернет жылдамдығы 200 Мбит/с-қа жетіп, жоғары сапаны көрсетті деп жазды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Бұл жүйе төмен орбиталық спутниктерге негізделген. Мұндай технология шалғай елді мекендерге жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – талшықты-оптикалық желі тарту қиын немесе қымбат өңірлер үшін тиімді шешім.

Жоба ауылдық мектептерді, медициналық мекемелерді, мобильді қызметтер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ынтымақтастықты дамыту мақсатында қазақстандық делегация Шанхайдағы Shanghai SpaceSail кеңсесіне келіп, компанияның технологияларымен және өндіріс барысымен танысты. Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Компания 2026 жылы Қазақстанда ресми жұмысын бастауды жоспарлап отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі ел аумағында цифрлық қызметтерді дамытуға бағытталған кез келген технологиялық бастамаларды қолдайды және егер мұндай ынтымақтастық азаматтардың сұранысына жауап беріп, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берсе, бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото