Бейжіңнен басталған сапар: Біріккен Ұлттар ұйымының лауазымды тұлғасы назарындағы әйелдер ісінің тарихы мен болашағы

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 15 қазан

Авторы:Мәдина Бинешқызы Жарбосынова, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің мүшесі

Менің дипломатиялық кәсіби жолым 1995 жылғы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының төртінші Жаһандық әйелдер саммитінен(бұдан әрі Бейжің Жаһандық әйелдер саммиті деп алынады) басталды. 1995 жылғы тамызда мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырылдым, бірден Бейжің Жаһандық әйелдер саммитіне қатысатын Қазақстандық делегацияны дайындау жұмыстарына кірістім, сондай-ақ басшылықтың осы саммиттің Бас хатшысы Гертруд Ибенгве Монгелламен өткен кездесуіне қатыстым.

Әрине, мен конференцияның барысын мұқият бақылап, «Бейжің декларациясы» мен «Іс-қимыл жоспарын» зор шабытпен қабылдадым. Бұл құжат әйелдердің құқықтары мен гендерлік теңдік туралы жаһандық түсінікті түбегейлі өзгерткен тарихи белес болды. Мен Бейжің Жаһандық әйелдер саммитінен бастап, осы үдерістің елдік және өңірлік деңгейлерде белсенді қатысушысы ретінде үздіксіз атсалысып келе жатқанымды мақтанышпен айта аламын.

1995 жылы қабылданған «Бейжің декларациясы» мен «Іс-қимыл жоспары» бүкіл әлемде әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда маңызды өзгерістерге жол ашты. Қазақстан үшін бұл тарихи кезең жай ғана белгі емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық санада жүйелі өзгерістердің бастауы болды. «Іс-қимыл жоспарының» ықпалымен Қазақстан Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып тең құқық пен тең мүмкіндіктерді ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік жүйені қалыптастырды және соңғы 30 жылда құқықтық реформаларды, білім беру бастамаларын және әйел көшбасшылығын дамыту шараларын тиімді ұштастыра отырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. 2003 жылы Гендерлік стратегия қабылданды, ал 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң қабылданып, «Бейжің декларациясы» мен «Іс-қимыл жоспарының» қағидаттары заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл шешімдер CEDAW талаптарына және халықаралық стандарттарға негізделген гендерлік саясаттың берік іргетасына айналды.

Қазақстандағы ең елеулі жетістіктердің бірі – білім беру саласында байқалады. Білім – әйелдердің экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтудің негізгі құралына айналды. Бүгінде әйелдер білім алуға тең қолжетімділікке ие, Қазақстанда жоғары оқу орындары студенттерінің шамамен 60% құрайды және STEM бағдарламаларына белсенді қатысып келеді.

Саяси партияларда гендерлік квоталар енгізіліп, бұл парламент пен мәслихаттардағы әйел-депутаттар санының өсуіне ықпал етті.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданып, дағдарыс орталықтарының желісі құрылды. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог жүйелі сипатқа ие болды. Бұл қадамдар «Бейжің декларациясының» рухын– тең құқықтар тек уәде емес, нақты өмір шындығы болуы керек деген идеяны айқын көрсетеді.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай әйелдердің кәсіби даярлығы мен дамуы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Екі ел де гендерлік-сезімтал білім берудің тұрақты үлгілерін қалыптастырып, әйелдердің экономикалық тұрғыдан өзін-өзі іске асыруына арналған платформалар құруда. Мұндай өзгерістер цифрландырудың дамуы, білім беру жүйесінің жаңғыруы және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мүмкін болды. Екі елде де әйелдердің цифрлық сауаттылығын, IT саласындағы және кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ онлайн курстар мен икемді оқыту форматтарының енгізілуі кәсіби дамуды отбасылық міндеттермен үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан мен Қытайдағы әйелдердің кәсіби дамуының ортақ сипаттары төмендегідей:

- цифрландыру үдерісіне және әйелдерді инновациялық экономика секторларына тартуға басымдық беру;

- әлеуметтік қолдаудан экономикалық қатысу мен кәсіби өсуге көшу;

- кәсіби даярлыққа арналған ұлттық бағдарламаларға гендерлік мейнстриминг қағидатын енгізу.

Мысалы, Қазақстанда шағын бизнес, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларында әйелдерді қайта даярлауға бағытталған ұлттық бағдарламалар іске асырылуда. «Адами капиталды дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында әйелдер онлайн оқыту мен кәсіби даму гранттарына кеңінен қол жеткізді. Үкіметтік емес ұйымдар мен жұмыспен қамту орталықтары ауылдық жерлердегі және әлеуметтік осал топтардағы (мысалы, жалғызбасты аналар) әйелдерді қолдауға бағытталған бастамаларды кеңейтіп отыр.

Қытайда 2022 жылы қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы» жаңартылған заң әйелдердің кәсіби оқуға және жұмыспен қамтылуға тең қолжетімділік құқығын бекітті. Бүкіл қытайлық әйелдер федерациясы (ACWF) жүзеге асырып жатқан технологиялық және инженерлік бағыттарды қамтитын кәсіби даярлау бағдарламалары ерекше назар аударарлық. Сондай-ақ әйелдерді ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларына тартуға арналған стипендиялық және гранттық бастамалар, сондай-ақ «Интернет + Әйелдер» бағдарламасы тиімді іске асуда. Бұл бағдарлама әйел-кәсіпкерлерге білімге, микронесиелеу және маркетингтік құралдарға онлайн қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде әйелдер әлеуметтік көмектің алушысы ғана емес, экономикалық дамудың белсенді қатысушысына айналуда. Қоғамда экономикалық белсенді, көшбасшы әйелдердің қатары көбейді.

Қытай мен Қазақстанның тәжірибесі Орталық Азия өңірі үшін үлгі бола алады және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 5-інші бағыты – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Екі елдің оң тәжірибелерімен алмасу үшін ШЫҰ немесе Орталық Азияның әйел-көшбасшылары құрған диалогтық алаңдарды пайдалануға болады.

Қазақстан мен Қытайдағы әйелдердің кәсіби дамуының ілгерілеуін сөз ете отырып, дипломатиялық қызмет саласындағы әйелдердің артып келе жатқан рөлін де атап өткім келеді. Бұл сала ежелден ерлердің үстемдігімен байланысты деп саналатын. Бүгінде әйелдер сыртқы саясатта белсенді қызмет атқарып, тек өз елдерінің шетелдік мекемелерінде ғана емес, халықаралық ұйымдарда да лайықты өкілдікке ие болғаны қуантады. Атап айтқанда, менің мансабым – тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерді ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты оң нәтижесінің мысалы болып табылады.

ШЫҰ-ның қалыптасуының алғашқы жылдарында осы ұйымдағы Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі ретінде мен бірнеше рет ынтымақтастық күн тәртібіне гуманитарлық мәселелерді, ең алдымен гендерлік теңдік тақырыбын енгізуді ұсындым. Себебі, мен Қытайда «Бейжің декларациясы» мен «Іс-қимыл жоспары» ұсынымдарының тиімді жүзеге асырылып жатқанын көріп, мұндай тәжірибе ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін пайдалы болатынын жақсы түсіндім.

Белгілі болғандай, Қытай гендерлік теңдікті ілгерілетуде мемлекеттік, қоғамдық және экономикалық тетіктерді ұштастыра отырып, мол тәжірибе жинақтады. Ең алдымен, Қытайдың жүйелі мемлекеттік тәсілін атап өткім келеді – Қытай гендерлік теңдік мәселелерін басқарудың көпдеңгейлі жүйесін құрған алғашқы мемлекеттердің бірі. Негізгі рөлді Бүкіл қытайлық әйелдер федерациясы (ACWF) атқарады. Әр өңірде әйелдер мен балалар істері жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, олар гендерлік өлшемді әлеуметтік-экономикалық жоспарлау жүйесіне енгізеді.

Сонымен қатар, әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнамалық және саяси тетіктер қалыптастырылған. Гендерлік мақсаттар тек әлеуметтік бағдарламалармен шектелмей, ұлттық стратегиялар мен даму жоспарларына енгізілген.

Қытай әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандырып, әйелдерді инновациялық және технологиялық секторларға тарту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Осылайша, Қытай гендерлік саясатты экономикалық басымдықтармен жүйелі түрде ұштастырып келеді. Айта кету керек, мемлекет әйелдер мен ерлердің қоғамдағы рөлдері жөніндегі дәстүрлі көзқарастарды өзгерту бағытында да мақсатты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.

Бүгінгі таңда әлем экономикалық, климаттық және гуманитарлық сипаттағы жаңа дағдарыстарды бастан өткеріп жатқан кезеңде әйелдердің құқықтары қоғамның тұрақтылығы мен кемелділігінің басты өлшеміне айналуда. Әйелдердің құқықтары мен гендерлік теңдік саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілгеніне қарамастан, қазіргі заманда әйелдердің жағдайына әсер ететін жаңа және күрделі сын-қатерлер сақталуда және пайда болуда. Олардың көпшілігі жүйелі сипатқа ие және кешенді тәсілді қажет етеді – құқықтық, экономикалық және мәдени тұрғыдан, яғни заңнамалық шаралардан бастап қоғамдық сананы өзгертуге дейінгі кең ауқымды қамтиды.

Менің сенімім бойынша, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік саяси ерік-жігерді, жеке сектордың белсенді қатысуын және азаматтық қоғамның дамуын үйлестіре білу қажет. Басты мақсат – формалды теңдіктен нақты теңдікке өтіп, әйелдердің өмірдің барлық салаларына тұрақты және толыққанды түрде енуін қамтамасыз ету.

Әйел – бұл жай ғана рөл емес, бұл тұтас әлем, шексіз мүмкіндіктер ғаламы. Біздің тағдырымыз әлеуметтік рөлмен емес, өз таңдауымызбен айқындалады. Біз өзімізге өзге қойған шектеулердің ішінде өмір сүруге міндетті емеспіз. Ошақ иесі болу – құрметті іс, алайда сонымен қатар ғалым, көшбасшы, кәсіпкер болу да сондай құрметті.

Біз ерекше қарым-қатынасты сұрамаймыз – біз тең мүмкіндіктерді талап етеміз. Біз біреуге қарсы күреспейміз – біз өз болмысымызды сақтау құқығы үшін күресеміз. Әрбір алға қадам басқан әйел — барлығымыз үшін жасалған бір үлкен қадам. Бір ғана әйел алға жылжып отырса да, дәстүр мен қалыптасқан көзқарастың ешбір қабырғасы қалғандарды тоқтата алмайды.

Мен үшін 30 жылдың алдындағы Бейжің Жаһандық әйелдер саммиті – бұл өткеннің тарихы емес. Бұл бүгін де шабыт сыйлайтын тірі құжат. Ол бізге әйелдердің құқықтарындағы ілгерілеу – бүкіл адамзат құқықтарының ілгерілеуі екенін еске салады. Болашақ ұрпақ — қыздарымыз бен немерелеріміздің және болашақ көшбасшылардың дәуірі қандай болатыны – біздің саяси еркімізге, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге байланысты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото