- Барлық ақпарат
Тамаша жыл мезгілі — қалың қар
7 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- Бүгін біз жиырма төрт жыл амалының бірі — қалың қар амалын қарсы аламыз. Бұл қыстың үшінші амалы қыс ортасы басталып, күн суытып, аяз болатынын білдіреді. Мен қазір Қытайдың солтүстік-шығысындағы Чанбай тауында Тяньчи көлінің таза табиғатына қарап тамсанып тұрмын. Тау шаңғысы курорттары да толығымен ашылған. Мен сіздерді мынау аппақ дүниенің сұлулығын бірге сезінуге, қалың қар амалындағы табиғаттың құпиясы мен өмірдің даналығын көзбен көріп, көңілге түюге шақырамын.

Білесіз бе? «Қалың қар» амалы мен ауа райы болжамдарында айтылатын «қалың қар» тікелей байланысты емес; ол осы кезеңнің климаттық ерекшелігін көрсетеді. Қалың қар амалы келгенде қапалақтап омбы қар жаууын фермерлерден артық күтетіндер болмаса керек. Олар қасат қарды мол өнімнің символына балайды. «Қалың қар молшылықтың белгісі» деген мақал да бар. Бұл ата-бабаларымыздың ауылшаруашылық өндірісінен жиған тәжірибесінің қорытындысы. Қалың қар қыста дақылдарды «көрпемен» қымтап тастайды да, атызды суықтан қорғайды. Ал көктемде еріп топыраққа нәр береді. Қазіргі уақытта көптеген шаруашылықтар қардың жиналуы мен дақылдардың өсу ортасын ғылыми тұрғыдан реттеу үшін қар сенсорларын пайдаланады. Бұл дәстүрлі егіншілік тәжірибесін заманауи технологиялармен біріктіріп, қысқы мол өнім алуға деген сенімді орнықтырады.
Тамақтануға келсек осы жыл мезгілінде нәрлі азықпен қоректенудің де қағидалары қалыптасқан. «Қалың қар амалында лайықты қоректі толықтырсаңыз, бір жыл бойы денеңізде суық болмайды» деп жатады. Бұл мезгілде оңтүстік тұрғындары тұздалған етті сақтайды. Ал солтүстік тұрғындары суықтан қорғану үшін қой еті сорпасын ішіп, тәтті картоп ботқасын жейді. Екеуі де маусымға сай бабы келіскен тағамдар.
Қылаң қардың даналығы мен шаттығы тек Қытаймен ғана шектелмеген. Көптеген елдерде ерекше қысқы қар-мұз мерекелері сақталған. Мысалы, Финляндиядағы Рованиеми Рождестволық ауылында қысқы мәдени іс-шаралар және Норвегиядағы Ослода шаңғы фестивалі сияқтылар. Әр елдің салты әр басқа болғанымен, жыл амалдарына бағыну, қыстан ләззат алу әдістері ортақ. Бұл шекара аттаған мәдениет үндестігін тудырады.
Мен қазір Чанбай тауының бөктерінде аппақ қарды сықырлата басып, қолыма буы бұрқыраған жэньшень қосылған тауық еті сорпасын алып, жолаушыларға қарап ойға батып келемін. Мен:
«Қансонарда күн жымиып қараса,
Қар жылтылдар түскен нұрмен таласа.
Белес шығып, көз тастаған шайырды,
Тамсантады аппақ дүние тамаша»,- деген жыр жолдарының астарындағы терең мәнді түсінгендеймін. Сен тұрған жерде қар жауды ма? Туған мекеніңнің қалың қары туралы әңгімеңмен бөліссеңші!
people.cn © People's Daily Online



