Жыл мүшеліндегі жылқы: өміршеңдік пен екпіндіктің символы

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 11 ақпан

11 ақпан, онлайн «Халық Газеті» -- Ескіше күнтізбе бойынша жылқы жылы таяп қалды. Жылқы он екі жыл мүшелінің ішінде жетінші орында жайғасқан. Қытай халқы жылқыларға ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Бұл жануар ежелгі заманда тек көлік құралы немесе егіншілік серігі ғана емес, сонымен қатар өміршеңдік пен жарықтың символы болып саналған. Сондықтан қытай мәдениетінде жылқы адалдықты, екпіндікті, күштілікті, батылдықты, даналық пен еркіндікті білдіреді. Осындай образдарымен ол қарапайым қорадағы мал рөлін еңсеріп, маңызды сәттілік символына айналды.

Билік символынан әскери күштің іргетасына дейін

Қытайдың жылқы мәдениетінің ұзақ тарихы бар, оның бейнесін еліміздің бес мың жылдық өркениетінен кеңінен кездестіруге болады. Бастапқыда жылқылар қытайлықтардың өміріне өзінің күнделікті тұрмыстағы қолданыс құнымен енген. Онда жылқыларды міну, арбаға жегу және егіншілік үшін пайдаланатын. Ся және Шан әулеттері кезінде Қытай мал шаруашылығын басқару үшін арнайы ресми лауазымдар орнатып, жылқылар соғыс, аң аулау және құрбандық шалудың негізгі құралдарына айналды.

Чжоу әулеті кезінде жылқы мәртебе мен биліктің символына айналды. «Чжоу Ли»(Чжоу әулеті рәсімдері)еңбегінде Чжоу әулеті жылқыларды пайдалануына қарай алты санатқа бөліп, әртүрлі дәрежедегі адамдарға тиесілі аттар мен қоралардың санын қатаң реттеген.

Ең бастысы, жылқылар әскери істерде шешуші рөл атқарып, ежелгі соғыста таптырмас стратегиялық байлық саналатын. Бүгінгі таңда Цинь Шихуан император кесенесінде көріп жүрген мыңдаған қыштан жасалған соғыс аттары әлі күнге дейін Цинь атты әскерінің ұлылығын еске түсіреді.

Көркемдік биіктікке көтерілу

Хань әулетінде қоладан жасалған әйгілі «құс үстінде шапқан ат» мүсіні пайда болды. Кейін табылған бұл мүсіндегі аттың үш аяғы көкте, бір аяғы ұшқан құстың қанатында. Бұл тұлпар Хань әулеті қолөнершілерінің «күш пен сұлулыққа» деген ұмтылысын көрсетеді. Мүсін сол кездегі жылқы өнерінің көркемдік шыңын бейнеледі.

Тан әулеті Қытай жылқы мәдениетінің алтын ғасыры болды. Тан императорлары тамаша жылқыларды бағалаған, ал әйгілі «Чжаолин кесенесіндегі алты тұлпар» тас оюлары Тан әулетінің екінші императоры Ли Шиминьнің аспан астын жаулап алу кезінде мінген алты тұлпарын еске алады.

Сол дәуірдегі Тан үш түсті қыштан жасалған жылқылардың пішіні айбынды, түстері айшықты болды. Мүсіндер осы алтын ғасырдың гүлденуін көрсетті.

Тан әулетінің әдебиетшілері көбінесе жылқыларды адамдарға арналған метафора ретінде қолданды, өздерінің асқақ жігерін, дарынын немесе қасіретін де жылқы арқылы бейнелеген. Сөйтіп, жылқы әдебиетшілердің рухани әлемінің бір бөлігіне айналды.

Сун әулетінен бастап жылқының бейнесі өнер саласында одан әрі көтерілді. Сун және Юань әулеттерінен бастап суретшілер жылқыларды бейнелеуде көркемдік тұжырымдаманы көрсетуге баса назар аударды, оларды әдебиетшілердің сезімдерімен толықтырды.

Мәдени тоғысу және ұлттық рух

Юань әулетінің жылқы мәдениетіне моңғұлдардың көшпелі дәстүрлері терең әсер етіп, алыс қашықтыққа тасымалдаудың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін аялдама бекеттері жүйесін құрды.

Цин әулеті мен таяу заман кезеңінде атыс қаруын кеңінен қолданумен соғыстағы жылқылардың қолдану құндылығы төмендегенімен, олардың көркемдік бейнесі қайта жанданды. Цин әулетінің суретшісі Джузеппе Кастильоне(Giuseppe Castiglione) батыс кескіндеме техникасын қытай сурет өнеріне енгізіп, империялық бақтардың тұлпарларын қыл қаламның күшімен жүйіткітті.

ХХ ғасырдағы Жапонияға қарсы соғысы кезінде сызушы Сюй Бэйхунның суреттеріндегі шабыс аттар ұлттық рухтың жаңа символына айналды. Оның рухты жылқыларды бейнелеуі қытай ұлтының бостандық үшін қарсылыққа шығудағы мызғымас күш-жігерін көрсетті.

Халық сенімдеріндегі ізгіліктің бейнелері

Жылқы бейнесі қытай фольклорына да терең әсер етті. Халық сенімдерінде «Жылқы патшасы» деп аталатын тәңір бар, оның үш көзі және әлемді көре алатын қабілеті болған деп айтылады. Оны жүргізушілер, хат-шек тасымалдаушылар және басқа да мамандықтар жоғары бағалайды және жолға шыққанда сәтті сапарлардың қорғаушысы санайды.

Оңтүстіктегі жібек құрттары өсірілетін аймақтарда «Жылқы басты әулие» сенімі кең таралған.

Сонымен қатар дәстүрлі қытай өнеріндегі кең таралған сурет - «бірден бек болу», онда атқа мінген маймылдың бейнесі көрсетілген. Бұл қытай тіліндегі үндес дыбыстардың, яғни: «Хоу» (маймыл) мен «Хоу» (бек) (ежелгі жоғары лауазым) үндес естіледі, ал «Ма» (жылқы) мен «Машан» (дереу) үндестік табады. Сондықтан бұл сурет мансап жолының сәтті болуын, жақын арада табысқа жету тілегін меңзейді.

Ежелгі заманда адамдар обадан сақтану үшін ат қорада маймылдарды баққан. «Ат мінген маймыл» суреттері әлі күнге дейін жаңа жыл суреттерінде, қағаз оюлар және нефрит оюларында кеңінен кездеседі. Бұл адамдардың зұлымдықтан сақтануға, апаттан аулақ болуға және табысқа жетуге деген тілектерін білдіреді.

Фото:кейбірі Синьхуа, кейбірі интернет бетіндегі мәтериялдан алынды

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото