Қытай мен Қазақстан халқы Бейжіңде Наурыз мерекесін бірге тойлады

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 31 наурыз

31 наурыз, онлайн «Халық Газеті» -- 29 наурыз күні Бейжің қаласының Чаоян саябағында Қазақстанның дәстүрлі Наурыз мерекесі салтанатты түрде өтті. Түрлі дәмді тағамдар мен керемет ән-би қойылымдары көпшілікке ұсынылып, қала тұрғындарына «есігінің алдында» қазақтың наурыз мейрамымен, ұлттық салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік берді.

Қытайдағы Қазақстанның елшісі Шахрат Нұрышев Наурыз мейрамы көктемнің мерекесі, ол Қытайдың көктем мерекесімен өте ұқсайтынын айтты. Бұл мереке ақтың молаятын, күннің ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын кезеңі екенін таныстырып, дәстүрлі мерекенің «ізгі істер істеу, табиғатпен үйлесімді өмір сүру» дейтін философиялық құны барын жеткізді.

Күмбірлеген күй шертіліп, әсем ән шырқалып, бұрала би биленген іс-шарада әр ұлттың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін бір-бірін жақыннан ұғынды. 73 жастағы Бейжің тұрғыны Кон Сянюнь «Мен Наурызға алғаш рет қатысып отырмын. Осы іс-шара арқылы мен Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңірек түсіндім. Қазақстанға сапарлауды асыға күтемін»-, деп тілшілерге өзінің әсерімен бөлісті.

Іс-шараға қатысқан бір қытайлық студент: «Бұрын менің Наурыз туралы түсінігім тек кітаппен шектелетін еді. Бүгін мерекені көзіммен көріп, ән-күй тыңдап, мың бұралған биді тамашалап, дәстүрлі тағамдардың дәмін таттым. Қазақтың ұлттық өнімдерін тамашалап, бұрынғы кітаппен шектелген мереке жайлы танымым лезде жандана түсті»-, деді.

Қазақстаннан келген Арайлым Тұран Бейжіңде Наурыз мерекесінің салтанатты өтуі өзін бейне Қазақстанда жүргендей сезімге бөлегенін жасырмады. Арайлымға қытайлық достарының мерекеге қызығушылық танытып, Қазақстанның дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, екі ел халқының аралас-құралас болуы ерекше ұнаған. Ол мұндай іс-шаралар екі ел халқын бұрынғыдан да етене ете түседі деп санайды.

«Қытай-Қазақстан мәдени алмасу жылы» аясындағы маңызды шаралардың бірі ретінде бұл мерекені Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға Қытай Сыртқы істер министрлігі, Қытай Мәдениет және туризм министрлігі мен Бейжің қалалық үкіметі қолдау көрсетті.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото