- Барлық ақпарат
Бейжіңде Транскаспий көлік дәлізі жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесу өтті

24 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- 22 қыркүйек күні Бейжіңде Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне арналған жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Қытай, Қазақстан, Әзербайжан және Түркия сияқты Азия мен Еуропа арасындағы бағыт бойында орналасқан оннан астам елден келген 200-ден астам мемлекеттік шенеунік, халықаралық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері бас қосып, екі құрлықты байланыстыратын осы маңызды логистикалық жолдың көлік әлеуеті мен тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Транскаспий халықаралық көлік дәлізі — Азия мен Еуропаны байланыстырушы буын және жоғары сапалы «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп құру бастамасының негізгі құрамдас бөлігі. Биыл алғашқы 7 айда Транскаспий бағыты бойынша Қытай-Еуропа жүк пойыздары мен тікелей автомобиль жүк тасымалының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 60%-дан және 70%-дан астамға артып, аймақтағы экономикалық, сауда және өнеркәсіптік дамуға елеулі серпін берді.
Қатысушылар теміржол және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ кедендік рәсімдеуді жеңілдетуге қатысты қолданыстағы кемшіліктерді атап өтті. Жаһандық геосаяси өзгерістер мен халықаралық жеткізу тізбегіндегі ауытқулардан туындаған қиындықтар алдында бағыт бойындағы елдердің ынтымақтастықты нығайтуы өте қажетті.
Барлық тарап Транскаспий дәлізін Азия мен Еуропаны байланыстыратын қауіпсіз, тиімді, «ақылды» және жасыл көлік байланысына айналдыру мақсатында мемлекеттік және кәсіпорындар секторлары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.
Кездесу барысында ««Жібек жолы бекеттерін» салу, пайдалану және қызмет көрсету нұсқаулықтары» мен «Қытай мен Еуропа арасындағы Транскаспий автомобиль көлігімен тасымалдау нұсқаулықтары» жарияланды.
people.cn © People's Daily Online



