Яньтайда «Қытай-Шаньдун автомобиль экспорттау базасы» іске қосылды

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 29 қыркүйек

29 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- Жақында Шаньдун өлкесінің Яньтай қаласында пайдаланылған автомобильдерді экспорттауды дамыту конференциясы өтті. Іс-шара барысында «Қытай-Шаньдун автомобиль экспорттау базасы» ресми түрде іске қосылып, пайдаланылған автомобильдерді талапқа сай экспорттау экожүйесін бірлесіп құру бастамасы жарияланды.

Соңғы жылдары Яньтай порты коммерциялық көліктерге арналған 26 «ро-ро» тасымалдау бағытын ашып, Жапония мен Корея Республикасын Яньтай арқылы Орталық Азия және Моңғолиямен байланыстыратын трансшекаралық теңіз-теміржол мультимодальды дәліздерін қалыптастырды. Оның коммерциялық көліктерге арналған «ро-ро» терминалы – әлемдегі алғашқы ақылды әрі жасыл терминал. 2025 жылы Яньтай порты барлық операциялық режимдер бойынша 850 000 коммерциялық көлікті өткізді, порт коммерциялық көліктерді халықаралық транзиттік тасымалдау көлемі бойынша елде көш бастады. Ол тағы да Қытайдың теңіз порттары арасында коммерциялық көліктерге арналған 3-інші ірі логистикалық жинау, тарату порты әрі сыртқы сауда торабы орнын сақтап келеді.

База іске қосылғаннан кейін Яньтай порты пайдаланылған автомобильдерді экспорттауға бейімделген біртұтас жеткізу тізбегі қызметінің жүйесін құру үшін порт операциялары, логистика, қаржы, сауда және қызмет көрсету салаларындағы ресурстарды біріктіреді. Порт кеден, шекаралық бақылау, салық және теңіз қатынасы органдарымен үйлесімді жұмыс істей отырып, порт аумағында сақтау, брондау және тиеуді жоспарлау, тексеру және кедендік декларациялау, сондай-ақ кемеге тиеу сияқты негізгі процестерді оңтайландырып, айналым шығындарын азайтады. Сонымен қатар база пайдаланылған көліктерді тексеру және сертификаттау, қалпына келтіру мен жаңғырту, қоймалау және логистика, сондай-ақ көрмеге қою және сату сияқты негізгі функцияларды біріктіріп, пайдаланылған көліктерді экспорттау бизнесін автомобиль саласындағы айналмалы экономиканың толық өндірістік тізбегіне дейін кеңейтуге ықпал етеді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото