Си Цзиньпин ХОК төрағасы Бахпен кездесті: Дүние жүзіндегі елдер 190-нан астам шағын қайықтың орнына, бір үлкен кемеде болса, жарқын болашақты бірге бөліседі (2)

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 27 қаңтар
Си Цзиньпин ХОК төрағасы Бахпен кездесті: Дүние жүзіндегі елдер 190-нан астам шағын қайықтың орнына, бір үлкен кемеде болса, жарқын болашақты бірге бөліседі

27 қаңтар, онлайн «Халық Газеті» -- Қаңтардың 25-і күні түстен кейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңдегі Дяоюйтай мемлекеттік қонақ үйінде Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Бахпен кездесті.

Си Цзиньпин санаулы күннен кейін Қытай халқының Жаңа жылды тойлайтынын айтып, Бах мырзаның биылғы мерекені қытайлықтармен бірге тойлауын қарсы алатынын білдірді.

Си Цзиньпин атап көрсеткендей, алты жылдан астам әзірліктен кейін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының барлық дайындықтары аяқталып, жоспар бойынша шараны бастау алдында тұр. «Біз уәдемізді орындап, әлемге қарапайым, қауіпсіз және қызықты Олимпиада ойындарын ұсынатын боламыз. Бұл әлемдік індет басталғаннан бері жоспарланған бірінші жаһандық кешенді спорттық іс-шара және бұл «Анағұрлым тез, жоғары, қуатты - ынтымақты» жаңа олимпиадалық ұранның сәтті тәжірибесі».

Си Цзиньпин Қытайдың Бейжің қысқы Олимпиадасын өткізуін Қытай халқы ғана емес, халықаралық қауымдастық қолдап отырғанын атап көрсетті. Қысқы Олимпиада ойындарына 90-ға жуық ел мен аймақтан 3000-ға жуық спортшы қатысады. Бұл жарыс түрі мен алтын медальдары ең көп Қысқы Олимпиада ойындары. Бұл шара сандаған спортшыларға өз армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біз спортшыларды басты назарға ала отырып, өткізілетін орындар мен құралдардың ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етілуіне кепілдік береміз және әр тарапты қызметтердің толық спектрін ұсынуға бар күш-жігерімізді саламыз. Біз қатысушылардың, тиісті қызметкерлердің және Қытай халқының денсаулығы мен қауіпсіздігінің сақталуына толық сенімдіміз.

Си Цзиньпин былай деп баса айтты: «Олимпиадаға қатысуға өтінім бергенде-ақ, мен Қытайдың осы жолғы Олимпиаданы қабылдауындағы ең үлкен мақсаты - 300 миллион адамды қар-мұз спортына қызықтыру деп айтқан едім. Тынымсыз күш-жігердің арқасында бұл көзқарас сәтті жүзеге асырылды. «Мұз бен қар да баға жетпес байлық». Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарын өткізу Қытайдың мұз және қар спорты өнеркәсібі мен қар-мұз экономикасының да дамуына түрткі болды. Қытай 2008 жылы Бейжің Олимпиадасын, 2014 жылы Нанкин жасөспірімдер Олимпиадасын және 2022 Бейжің қысқы Олимпиадасын қатарынан өткізіп, Қытай халқының олимпиадалық қозғалысқа деген ынтасын оятып, Қытай спортының дамуына ықпал етіп, бүкіл әлемге Олимпиада рухын таратуда маңызды рөл атқарды. Олимпиадалық қозғалыс қолдайтын «анағұрлым ынтымақтасу» дәл бүгінгі дәуір үшін ең қажетті шара. Дүние жүзіндегі елдер 190-нан астам шағын қайықта болудың орнына, бір үлкен кемеде болса жарқын болашақты бірге бөліседі. Сондықтан біз Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының «Болашаққа бірге» ұранын алға тарттық. Қытай Олимпиадалық қозғалысқа және «Тағдыры ортақ адамзат қауымдастығын» құруға жаңа әрі үлкен үлес қосады. Бейжің қысқы Олимпиадасы ашылуының маңызды сәтіне Сіздермен бірге куә болуды асыға күтемін».

Бах алдымен қытай халқын Қытайдың жаңа жыл мерекесімен және барыс жылымен құттықтады! Бах Қытайдың тиісті орындары мен Қытай халқының бірлескен күш-жігерінің арқасында Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың тамаша, жарыс орындарының ғажайып, індеттен сақтанудың жан-жақты болғанын айтты. «Біз Қытайдың тиімділігін, табандылығын және динамизмін жоғары бағалаймыз! Біз Қытай тарапына Халықаралық Олимпиада комитеті мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшыларға көрсеткен жылы қонақжайлылығы мен ойластырылған шаралары үшін алғыс айтамыз. Қытай тарапы қабылдаған ерекше іс-шаралар осы қысқы Олимпиада ойындарының қауіпсіз, кедергісіз және сәтті өтуін қамтамасыз етеді және әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылардың Бейжіңде жиналып дүбірлі мереке жасауына мүмкіндік береді деп ойлаймын! Біз бұған толық сенімдіміз! Қытайдың 300 миллионнан астам адамды қар-мұз спортына қатыстыруы - бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік. Бұл қысқы Олимпиаданың Қытай халқы мен халықаралық олимпиадалық қозғалысқа қосқан үлкен үлесі және бұл жаһандық қар-мұз спортының жаңа дәуірін ашады. Кейбір елдердің қысқы Олимпиадаға алғаш рет делегация жіберуі Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының халықаралық қауымдастық тарапынан жан-жақты қолдауға ие болғанын, жалпы әлемдік қауымдастықтың спортты саясаттандыруға қарсы екенін толық дәлелдейді. Барыс жылы Қытай халқы үшін ерлік пен күш-қуат жылы ғана емес, денсаулық пен бақыт жылы болсын! Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындары әлемге Қытай халқының барыс жылына арнаған ең жақсы сыйы болсын! Әлемнің бірлігі арта берсін!».

Кездесуге Дин Сюэсян, Ян Цзечи, Ван И, Хэ Лифэн және т.б. басшылар қатысты.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото