Бейжіңде «Қазақстанның таңдаулы әндері (30 ән)» кітабының тұсаукесері өтті

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 30 мамыр

30 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- 2023 жылдың 26 мамырында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен «Қазақстанның таңдаулы әндері (30 ән)» кітабының тұсаукесері өтті. Әндер жинағына Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Алтынбек Қоразбаев және басқа да көрнекті қазақ өнерпаздарының таңдаулы әндері енген.

Бұл әндерді әйгілі жазушы, Қытай Халық саяси консультативтік кеңесі Ұлттық комитетінің бұрынғы мүшесі Әкбар Мәжитұлы People ' s music баспасының көмегімен аударған. Әкбар Мәжитұлы бұл басылым Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуға, сондай-ақ «халықтың жүрегін тоғыстыруға» ықпал ететін практикалық еңбек екенін айтты.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің құттықтау сөзінде музыка мен әннің арқасында адамдар мәдениет пен әдет-ғұрыпты тереңірек түсінетінін атап өтті. Оның пайымдауынша, бұл әндер Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен достықтың іргетасына тың үлес болып қосылады. Қазақстандық дипломат сөзінде биылғы жылғы Қытайда өтетін мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарларымен бөлісті.

Халық жазушысы, ғалым, бұрынғы Мәдениет министрі Ван Мэн мырза тұсаукесерге қатысып, сөз сөйледі. Ол қазақ әндерінің Қытайда таралуы туралы айтып берді. Қазақ әндері осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын қытай тіліне аударыла бастаған. Қазіргі уақытта «Майра», «Қарлығаш» сияқты әндер Қытайдағы көптеген музыкалық мектептерде міндетті курстарға енген. Ван Мэн қазақ әндерінде әдемі әуен мен айшықты мәтіндер бар екенін айта келіп, бұрыннан үнемі қазақ әндеріне жақын екенін жеткізді. Енді осы кітаптан кейін қазақ әнін үйрену ыңғайлы бола түсетінін, алда бұйырса, бір-екі әнге машықтанып, келесі жолы орындап беретінін айтты.

Тұсаукесерге көптеген өнерпаздар жиналып, қазақ әндерін орындады. Іс-шара соңында жазушы Әкбар Мәжитұлы оқырмандарға қолтаңба қалтырып кітабын силады.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото