Бейжіңде Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығындағы Мәдениет күні тойланды

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 14 қыркүйек
Бейжіңде Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығындағы Мәдениет күні тойланды

14 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- 13 қыркүйек күні түстен кейін Бейжіңдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығында Қазақстан Республикасының Мәдениет күні салтанатты түрде өтті.

ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин өз сөзінде «Қазақстан Республикасының 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі ШЫҰ-ға кезекті төрағалық ету кезеңіне арналған бірлескен қызметтің үшжақты жоспарына» қол қойылғанын хабарлады. Бүгінгі мәдениет күні осы жоспардың бір бөлігі екенін айтып, оның тек Қазақстан мәдениет күні ғана емес, ШЫҰ-ның да ортақ шарасы саналатынын жеткізді.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев биыл 5 шілдеден бастап бір жыл Қазақстан ШЫҰ-ға кезекті төрағалық етіп жатқанын жеткізіп, негізгі жоспармен таныстырды. Жоспар бойынша алда Қазақстанда өтетін ШЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет басшыларының кеңесін қосқанда, 130 іс-шара өтетінін жеткізді. Ресми өкіл биыл «Шанхай рухын» бекемдей түсу үшін тиісті орындар бірлесіп 20-ға тарта экономикалық және сауда, мәдени және гуманистік іс-шараларлды ұйымдастыратынын, бүгінгі мереке соның бірі екенін айтты.

Салтанатты шараға жиналған Қытайдағы ШЫҰ-ға мүше кейбір елдердің елшілері мен дипломаттары, Қытай Сыртқы істер министрлігінің лауазымды тұлғалары, Қазақстанның Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымның директоры, бұрынғы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Бейжіңдегі ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысып, Қазақстанның «Ai-zer» сән орталығы дайындаған қазақ ұлттық киімдер көрсетілімін тамашалап, киім-кешек мәдениетімен танысты.

Жиналған жұрт Қазақстанның «Тұран» өнер тобының ырғақты күйлері мен тамылжыған әндеріне құлақ құрыштарын қандырып, кең байтақ қазақ даласына барып қайтқандай күйге бөленді.

Сонымен бірге, қазақтың киіз үйі тігіліп, қадамын енді басқан балдырғанның тұсауы кесілді. Шашу шашылып, ақ бата берілді. Жиылған жұрт «Тұран» өнер тобының әсем әуенінен ләззат ала отырып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото