Гүлнұр Қыранбайқызы:Біз кітап дүкені жай ғана дүкен емес, Қытайды түсінетін жылы ортаға айналса екен дейміз

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 11 қазан
Гүлнұр Қыранбайқызы:Біз кітап дүкені жай ғана дүкен емес, Қытайды түсінетін жылы ортаға айналса екен дейміз
Халқаралық Шанс баспа тобының Алматыдағы бөлімшесі «Шығыс әдебиеті» баспа кампаниясының бас редакторы Гүлнұр Қыранбайқызы

11 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Халқаралық Шанс баспа тобының Алматыдағы бөлімшесі «Шығыс әдебиеті» баспа кампаниясының бас редакторы Гүлнұр Қыранбайқызы онлайн «Халық Газетінің» тілшісіне берген сұхбатында Алматыдағы жалғыз Қытай туралы кітаптар дүкені әрі Халқаралық Шанс баспа тобының әлемдегі үшінші дүкені - Шанс кітап дүкенін таныстырып, «Мұнда Қытайдың шайын дайындап, үстелді, аспалы шырақтарды да Қытай үлгісінде жобаладық. Біздің мақсатымыз келген адамдар Қытайға келіп шай ішіп кеткендей сезімде болса деп ойлаймыз. Қытайдың мерекелерін қалдырмай атап өтіп, Қытай туралы шағын іс-шаралар өткізетіндерге ортамыз дайын. Біз кітап дүкені жай ғана дүкен емес, Қытайды түсінетін жылы ортаға айналса екен дейміз» -, деді.

2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жолға қойылғаннан бастап Қытай мен Қазақстан арасында көптеген мемлекетаралық іс-шаралар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бастама аясында екі ел халқының өзара үйрену ынтасы да арта түсті. Солардың дәнекері болған Шанс кітап дүкені 2019 жылы ашылғаннан бастап, Қазақстандағы алғашқы Қытай туралы кітаптар дүкені санатында өздерінің «Шығыс әдебиеті» баспасынан шыққан Қытайдың саяси, мәдениет, экономика, білім саласындағы көптеген кітабын ұсынып, Қазақстан оқырмандарын сусындатты.

Гүлнұр Қыранбайқызы «Бір белдеу бір жолдың» он жылдығына байланысты мемлекетаралық жобалар, кездесулер өтіп жатыр. Әрине оның оң әсері болды. Қазақстанда Қытай тіліне, Қытай әдебиетіне, Қытай мәдениетіне деген сұраныс артып келеді. Біздің дүкенімізге келушілердің саны артты. Біз сұранысқа байланысты Қытай тілін үйрету курсын ашайық деген жоспарымыз бар» деп алдағы жоспарларымен бөлісті. Сұраныс артып, кітап түрі молайғандықтан кітап дүкені алғашқы бір бөлмеден керегесін екі бөлмеге кеңейткен. Онда тек кітаптар ғана емес, Қытай стиліндегі кеңсе тауарлары да ұсынылады.

Қазақстанда әрбір Қытай туралы кітаптардың өз оқырманы бар. Солардың ішінде Қытай әдеби шығармаларына деген сұраныс зор. Бас редактор өздерінің кітап дүкені атынан жылда Астана қаласында өтетін Халқаралық Еуразия кітап көрмесіне қатысатынын, сонда үкіметтің лауазымды тұлғаларынан оқушыларға дейін Қытай әдебиетін қызға оқып жүргенін айтып, «Алдыңғы жылы сізден роман сатып алып едік, өте керемет екен. Екі-үш мәрте оқыдық, тағы бар ма деп сұрап келгендері болды», - деді қуанышын жасыра алмай. Өздері биылғы наурызда ғана тұсау кесерін өткізген Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты кітабы жарты жылға жетпей сатылып кеткен, алда «Бір белдеу, бір жолдың» он жылдығына орай, Шэнь Шисидің «Қасқырлар патшайымы» атты кітабының тұсауын кескелі отыр.

Кітап дүкені әрбір оқырманның сұранысы бойынша кітап шығару жоспарын жасайды. Бас редактор биыл шығарғалы отырған кітаптардың ішінде Цянь Вэйчан «Қытай тарихындағы ғылыми өнер табыстары» атты кітап өзін таң қалдырғанын, көптеген өнер табыстары Еуропадан неше жүз жыл бұрын Қытайда тапқырланып, қағазға түсіріліп, тіпті қолданысқа енгенін айтты. Бұл кітап жарық көргеннен кейін Қазақстандық оқырмандарға үлкен сый болады, тіпті зерттеумен айналысып жүргендерге ой салуы да мүмкін дейді.

Қазір электронды кітаптар дәстүрлі кітаптардың базарын иелей бастағанымен кітап дүкеніне келетін адамдар үзілмейді. Әр деңгейдегі адамдар бар. «Ата-аналар балам Қытай тілін үйреніп жатыр деп балаларына балалар әні, мақал-мәтел, тақпақтар, тәмсілдер, сөздік, жыл амалдарын сұрап келеді. Үлкен жастағы адамдар Сунь Цзыны көп сұрайды. Олар «Сунь цзы соғыс амалдары» кез келген басшының үстелде тұратын кітабы болуы керек дейді».

Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан Шанс кітап дүкені Қазақстандағы кітап сүйер қауым үшін аяулы. Гүлнұр Қыранбайқызы «Ашылғалы бері тұрақты оқырмандар қалыптасқан, олар ай сайын келіп, шайын ішіп, алатынын алып, «жаңалық бар ма, жаңа кітап болса бер» деп отырады. Оларға кітап дүкені үйіндей болып қалған, біз үшін олар аларман ғана емес, отбасымыздың бір мүшесі сияқты ыстық», - деп сөзін аяқтады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото