Бейжіңде Қазақстанның туризмді ілгерілету жөніндегі іс-шарасы өтті

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 17 қараша
Бейжіңде Қазақстанның туризмді ілгерілету жөніндегі іс-шарасы өтті
Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асқар Шалқарбаев

17 қараша, онлайн «Халық Газеті» -- Қытайдың 2023 жылғы туристік жәрмеңкесі (COTTM) 15 қараша күні Бейжің ауылшаруашылық көрме және конгресс орталығында шымылдығын ашты.

Көрмеге әлемнің 50 елінен және аймақтарынан 210-нан астам экспонент қатысты. Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен 25 ірі туристік компания қатысты. Осы ауқымды көрме аясында 15 қараша күні кешке Бейжің қаласында «Астанаға қош келдіңіз!» атты роуд-шоуы және Қытай мен Қазақстан туристік компанияларының B2B-кездесулері өтті.

Іс-шарада Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асқар Шалқарбаев Қазақстанның туризм ресурстарын таныстырып, екі ел арасындағы визасыз режим қатарлы абзал саясаттарды бөлісті, сөз соңында кеңесші-елші: « «Мың естігеннен, бір көрген артық» демекші Қазақстанға келіңіздер» деп жиналған жұртты Қазақстанға саяхаттауға шақырды.

Сонымен бірге іс-шараға Қытай туристік қауымдастығының президенті, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы, Астана дамыту орталығы, Алматы қалалық туризм компаниялары, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустриялар басқармасы, Қазақстан Эйр Астана қатарлы компания өкілдері қатысты.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының технологиялар трансфері орталығы мен Астана даму орталығы және Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустриялар басқармасы жеке-жеке ынтымақтастық ниеті жөніндегі меморандумға қол қойды. Астана мен Шымкент қаласы өкілдері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының технологиялар трансфері орталығы жауапты тұлғасына қазақтың салты бойынша тон жауып, бөрік кигізді.

Қытай мен Қазақстан туристік компанияларының B2B-кездесуінде екі тарап іскерлері визасыз режимнен кейін туризмді қалай жандандыру, «2024 жылы Қытай мен Қазақстан туризм жылы» аясындағы серіктестік, өзара байланыс орнату, Қазақстанда өтетін «2024 жылғы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» шақыру жөнінде пікір алмасты.

Қытай Халық Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2023 жылғы 10 қарашада күшіне енген болатын. Бұл жолғы іс-шара визасыз режим күшіне енгеннен кейінгі Қытай мен Қазақстан туризм саласындағы жақсы бастама. Kazakh Toursim ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, биылғы 10 айдың ішінде Қытайдан Қазақстанға 85 мыңға жуық турист барған, қазіргі екі ел арасындағы абзал саясаттар арқасында туристердің саны жыл соңына дейін пандемияға дейінгі көрсеткіштен де асып түседі деп күтіліп отыр.

Жиналған жұртшылық қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм атып, қазақ өнерпаздардың тамылжыған күйін тыңдап салиқалы кештің тамашасын асырды.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото