Алтай аймағында еңкейген қариядан, алты жастағы балаға дейін шаңғы тебеді

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 7 желтоқсан
Алтай аймағында еңкейген қариядан, алты жастағы балаға дейін шаңғы тебеді

Қарт Алтайдың қарлы шыңы, табиғаты мен саф таза ауасы кез келген туристі өзіне баурап алады. Аймақта шаңғы спорты өте жақсы дамыған. Мұнда тек спотршылар ғана емес, әуесқой шаңғы тебушілер де жиі келеді. Бұл туралы Орталық Азия БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында жергілікті шаңғы курорт өкілдері айтты,деп хабарлайды Kazinform.

"Мына шаңғы курортында келушілерге барлық жағдай жасалған. Ұзындығы 65 шақырым болатын 61 сырғанау жолы бар. Алтайға шаңғы тебуге арнайы келетін туристтер көп. Былтыр 18 мемлекеттен келді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Шаңғы маусымы енді ашылып жатыр, оның үстіне Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында визасыз режиім енгізілді. Биыл Қазақстаннан қыстың осы спорт түрімен шұғылданатын туристер көптеп келеді деп болжануда", - деді тау шаңғы курортының өкілі Шы Жи Го.

Алпыс жастағы Серікбек Кенжеханұлы шаңғыны алты жасынан бастап тебеді. Кішкентай кезінде жотадан сырғанап үйренген ол бүгінде шаңғымен күніне 15-20 шықырым жерді жүріп өтеді.

"Алтай аймағында шаңғы теппейтін адам жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шаңғы тебуді жақсы меңгерген. Алтайлық балалардың ойыны осы - шаңғы. Аймақтың аты айтып тұрғандай, бізде алты ай қыс болады. Алғашқы қар қазанның соңында түсіп, мамырға қарай ериді", - дейді ол.

Айтуынша,шаңғы - адам денсаулығына ең пайдалы спорт түрінің бірі.

"Денсаулыққа өте пайдалы. Осы спортпен шұғылданған адам ауырмайды. Оны нық сеніммен айта аламын. Мысалы, мені дәрігерге қазір апарсаңыз да болады. Ешқандай дерт таппайды", - дейді ол.

Алтай аймағында төрт тау шаңғы курорты бар. Соның бірі - Алтай қаласының маңында орналасқан халықаралық Цзянцзюньшань шаңғы курорты. Бұл жерге 2022-2023 жылғы маусымда 439700 турист келген. Оның 244 500-і шаңғышы.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото