Төрт атасынан бері шаңғы жасайтын Алтай қазағы: Шаңғы — спорт түрі ғана емес, көлік құралы болған

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 7 желтоқсан
Төрт атасынан бері шаңғы жасайтын Алтай қазағы: Шаңғы — спорт түрі ғана емес, көлік құралы болған

Шаңғының ең көне мекені — Алтай. Осы аймақта тұратын қазақ халқы байырғы өнерді атадан балаға мұра етіп келеді. Сондай кәсіп иелерінің бірі 70 жастағы Сламбек Сағышұлы Kazinform тілшісіне қар шаңғысының әрі спорт, әрі көлік ретіндегі ерекшелігі жайлы айтып берді.

Сламбек Сағышұлы Алтай ғана емес, алыс-жақын шетелге де шаңғы жасайтын шебер ретінде танымал. Шаңғы тебетіндер мыңдаған шақырымды артқа тастап, арнайы келіп тапсырыс береді.

«Байырғы қар шаңғысын жасайтын отбасының өкілімін. Яғни, төртінші ұрпағымын. Бұл өнерді әкемнің жанында жүріп үйрендім. Өз бетімше алғашқы қар шаңғысын 17 жасымда жасадым. Содан бері отбасылық кәсібімізге айналды. Осыдан 20 жыл бұрын шеберхана аштым. Мұнда жабдық жасап қана қоймай, шәкірт те тәрбиелеймін. Бұл ата кәсіпті дәріптеп, дамыту керек деп ойлаймын. Өзімнің екі ұлым бар. Оларды да осыған баулыдым», — дейді ол.

Айтуынша, шаңғы таза табиғи өнімнен ғана жасалады. Сонысымен құнды әрі ерекше.

«Жылқы терісімен қапталған қар шаңғысы самырсын мен қайыңнан жасалады. Оның оңайлықпен сына қоймайтын мықтылығы осыдан. Тағы бір айта кететін жайт, қар шаңғыны тек алтайлықтар ғана жасай алады. Оның өлшемі адам бойынан бір қарыс ұзын, ені екі елі болады», — деп түсіндірді шебер.

Сламбек Сағышұлы Алтай — таулы, қыратты, қысы ұзақ аймақ екенін тілге тиек етті.

«Бұл аймақты мекендеген халық үшін шаңғы — спорт түрі ғана емес, қарым-қатынас құралы болған. Бұрындары техника дамымай тұрған заманда қалың қар адам түгілі жануарлардың да ары-бері жүруіне кедергі жасаған. Сондықтан алтайлықтар шаңғыны пайдаланған. Қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Жылына 50-ге жуық шаңғыға тапсырыс аламыз. Құны — 1000 юань (68-70 мың теңге)», — дейді шебер.

Айта кетейік, биыл «Бір белдеу, бір жол» қазақ-қытай бірлескен бастамасына — 10 жыл.

Осыған орай Қытай елі Орталық Азия мемлекеттерінің БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото