Қытайда қазақ қолөнер шеберлеріне қандай қолдау бар

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 11 желтоқсан
Қытайда қазақ қолөнер шеберлеріне қандай қолдау бар

Қытайдың Көктоғай ауданында өз шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелентіп отырған қазақ қолөнершілері баршылық. Соның бірі — Күлия Иманбек, деп хабарлайды Kazinform.

Көктоғай ауданындағы әйелдер қауымдастығының мүшесі, Синьзянь қазақ мәдени орталығының өкілі, «Мұра» сауда компаниясының басшысы Күлия Иманбек — ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейге шығарып жүрген шебердің бірі.

«Қазақ қолөнері — өзінің көркемдік мән-мағынасымен, халқымыздың ғасырлар талғамына өткен асыл қазынасы. Мен ісмерлікке кішкентайымнан құштар болып өстім. Құрақ құрау, кесте тігу, сырмақ сыру, өрнек ою өнері маған анамнан дарыған», — дейді Күлия Иманбек.

Айтуынша, Қытай елінде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе қазақтың ұлттық қолөнеріне қамқорлық баршылық.

«Өнер — таусылмас қазына, жұтамас байлық. Көктоғай ауданында қолөнер шеберлері өте көп. Міне, сондай қолөнершілерге үкіметтен қолдау көрсетіледі. Яғни, бейзаттық мұра деп жоғары бағалайды. Кәсібіңді дамытуға, осы өнерге басқаларды баулуға және оқу курсын ашуға қаржылай көмек беріледі. Мен сондай демеушіліктің арқасында 100-ге тарта қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отырмын», -дейді ол.

«Ою қошқар мүйіздің элементтерінен құралады. Ал өрнек еркін және шексіз сызыла береді. Яғни, ою-өрнектің басы мен аяғы жоқ. Ол — шексіз. Сұлулық, махаббат, тазалық пен ғашықтық жиынтығы. Ою ойған адамның жүрегі таза, нәзік, жылы болады», -деп атап өтті шебер.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото