- Барлық ақпарат
Бейжіңде ШЫҰ шахмат турниры өтті (3)
30 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- 2024 жылғы 29 сәуір күні Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы аясында Ұйым Хатшылығында Қытай Халық Республикасында аккредиттелген ШЫҰ-ның мүше, байқаушы және үнқатысу серіктес мемлекеттерінің дипломаттары арасында шахмат турнирі өтті.
Турнир ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі, ШЫҰ Хатшылығы және ШЫҰ-ның Тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі Қытай комитеті (ҚКТДЫ) арасындағы қабылданған «2023-2024 жылдары ШЫҰ-ға қазақстандық төрағалық ету кезеңіне арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын» іске асыру шеңберінде және Қазақстан шахмат федерациясы мен ҚХР Дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі бас мемлекеттік басқармасының Шахмат спортын басқару орталығының қолғабысымен өтті.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ш.Нұрышев өз сөзінде қазақстандық төрағалықтың негізгі жетістіктерін атап, алдағы Астана қаласында өтетін Саммитке назар аударды. Қазақстандық дипломат «ШЫҰ-ның үлкен отбасы» аясындағы бұл шахмат турнирі ШЫҰ-ның тек «мықты» ғана емес, сонымен қатар «интеллектуалды» ұйым екенін көрсетуге арналғанын жеткізді.
ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Мин өз сөзінде қазақстандық төрағалық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуге және ұйымда «Шанхай рухын» одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
ШЫҰ-ның ҚКТДЫ Төрағасының орынбасары Цуй Ли өз кезегінде бұл іс-шара ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасында спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға едәуір үлес қосатынына және Ұйым шеңберінде бірлік пен тату көршіліктің күшін көрсететініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында әйелдер арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы, қытайлық гроссмейстер Хоу Ифань «ШЫҰ отбасының» дипломаттарымен бір мезгілді ойын сеансын өткізді.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан командасы жеңіп алды, екінші орынды ШЫҰ үнқатысу бойынша серіктес Әзірбайжанның дипломаттары алды, ал үшінші орынды басқа үнқатысу бойынша серіктес – Непал иеленді.
Сондай-ақ, әйелдер арасындағы «Үздік ойыншы» – Кэндис Сейнт Шве Зин (Мьянма), «Ең аға ойыншы» – Мамадов Джейхун (Әзірбайжан), «Ең жас ойыншы» – Даниил Рейанш Кейн (ШЫҰ Хатшылығы), «Бірінші шах-мат» – Моданов Башир (БАӘ) сияқты номинациялар бойынша дипломдар берілді.
people.cn © People's Daily Online