Қытай мен Орталық Азия халықтары арасында әңгіме шерту іс-шарасы өтті

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 31 мамыр

31 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- 29 мамырда Қазақстанның Астана қаласында 2025 жылғы Қытай-Орталық Азия медиа ынтымақтастығы форумы аясында Қытай-Орталық Азия халықтары арасында әңгіме шерту іс-шарасы өтті. Кездесуге Қытай мен Қазақстаннан туризм, бұқаралық ақпарат құралдары, медицина мамандары, жекпе-жек өнерінің әуесқойлары, Конфуций институтының студенттері қатысып, Қытай-Қазақстан өркениетінің алмасуы, өзара білім алуы және халық расындағы қарым-қатынас туралы әсерлі әңгімелерімен ортақтасты.

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ жобаларды қолдау департаментінің директоры Әлішер Тұрсынұлы 2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болды, соның аясында Қазақстанға 655 000 қытайлық турист барғанын айтты. Ол сөзін сабақтап «Қазақстан-Қытай визасыз саясатын жүзеге асыру екі ел арасындағы екіжақты туризмге деген ынтаны тиімді түрде арттырды. 2025 жылы - Қазақстандағы Қытай туризм жылы. Біз туризмді көпір етіп, екі ел халқы өзара барыс-келіс барысында түсіністікті арттырады деп күтеміз», - деді.

«Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы Серік Коржумбаев бұқаралық ақпарат құралдары алалаушылықты жоюда және түсіністікті арттыруда шешуші рөл атқаратынын айтты. С.Коржумбаевтың пікірінше, «Деловой Казахстан» газеті мен Қытайлық БАҚ ынтымақтастықта жемісті нәтижелерге қол жеткізді. Бірлескен форумдар мен сұхбаттар арқылы тәжірибе алмасуға қол жеткізіліп қана қоймай, ұзақ мерзімді ынтымақтастық тетігі құрылып, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өркениетті диалогтың маңызды қатысушысына айналғаны айқын түсіндірілді.

2022 жылдың желтоқсан айында Астанада Қытай-Қазақстан дәстүрлі медицина орталығы салтанатты түрде ашылып, құрылды. Қазақстан Дәстүрлі медицина сарапшылар қауымдастығының төрағасы және Қытай-Қазақстан дәстүрлі медицина орталығы Қазақстан тарапының басшысы Ерлан Жолдасбайдың айтуынша, «Осы уақытқа дейін Қытай-Қазақстан дәстүрлі медицина орталығы барлығы 30 000 науқасты қабылдап, Қазақстан халқына салауатты жаңа жол сыйлаған».

Сиань Дәстүрлі Қытай медицинасы энцефалопатиясы ауруханасының вице-президенті және Қытай-Қазақстан дәстүрлі медицина орталығы Қытай тарапының меңгерушісі Вэй Юаньбинь өз сөзінде дәстүрлі Қытай медицинасы Қытай мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын «салауатты көпірге» айналғанын айтты. Қытай-Қазақстан дәстүрлі медицина орталығы құрылысының әрбір кезеңі Орталық Азиядағы дәстүрлі Қытай медицинасының терең және берік дамуының жарқын көріністері.

Қытай медицинасы бойынша емші Қазақстандық Ма Вэньсюань өз сөзінде «Қытайда оқыған тоғыз жыл ішінде мен даналыққа толы бұл елді жақсы көріп кеттім. Сиань - менің екінші ата мекенім ғана емес, сонымен қатар менің Қытай медицинасы арманымның басталған жері. Қытайда мен керемет медициналық дағдыларды үйреніп қана қоймай, қытайлықтардың ақкөңілдігі мен шынайылығын сезіндім», - деп тебіренді.

Александр Чэньнің жекпе-жек өнерімен айналысқанына 30 жылдан астам уақыт болған. Соңғы жылдары ол Қазақстанда Қытай мәдениетін насихаттау және тәжірибе алмасу бойынша көптеген іс-шара өткізіп, Қытай мәдениетін жақсы көретін көп дос тапқан. Форумда Александр Чэнь өзінің бірнеше шәкіртімен бірге тай-чи мен тай-чи қылыш өнерін көрсетіп, жиналған жұртшылықтың назарын өздеріне аударды.

Қазақстанның Еуразия ұлттық университетінің Конфуций институтының студені Әмірхан Қанатов қытай тілінде «Ақшамгүл» (Jasmine)әнін тамылжыта орындап, ән арқылы екі ел халқының достығына ізгі тілегін білдірді. Оның айтуынша, Қытай мәдениетінің тамыры тереңде, қытай тілін үйрену өте қызықты. Ол болашақта Қытайға келіп, білім алуды армандайды.

Іс-шарада онлайн «Халық Газеті» «Өркениеттер симфониясы·жарасымды өмір» атты деректі фильмін шығарып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өркениеттер алмасуының тамаша сәттерін жиналған жұртшылыққа көрсетті.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото