- Барлық ақпарат
Алматыға Қытайдың Сиань қаласынан туристік пойыз барды
Алматы-2 теміржол вокзалына Қытайдан келген «Сиань-Алматы» бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті деп жазды Kazinform.
Қаланың теміржол вокзалында Қытайдан келген туристерді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Жалпы пойыз 9 вагоннан құралған. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы Қазақстанның оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады.
Туристік пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас халықаралық шекара бекетінде тоқтаған. Онда пойыздың дөңгелек жұптары ауыстырылып, одан әрі пойыз Алтынкөл станциясы арқылы Алматы қаласына келіп жеткен.
— Бұл жоба екі жыл бойы дайындалып, Қытай мен Қазақстан басшылығының ерекше назарында болды. Дайындық барысында көлік, мәдениет және туризм, теміржол, шекара қызметінің қызметкерлері орасан зор еңбек етті. Сондықтан барлық тараптарға алғыс білдіремін. Алысты жақын еткен теміржол — шығыс пен батысты жалғайтын көпір іспетті. 2025 жылы Қытай туризмінің жылы. Ендігі кезекте осы пойыз Қытай мен Орталық Азия елдері арасында туристік ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынына сенемін, — деді Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй.
people.cn © People's Daily Online