- Барлық ақпарат
Ресейде шетелдіктер байланыссыз қалуы мүмкін
1 шілдеден бастап Ресейде биометриялық деректерін тапсырмаған шетел азаматтарының ұялы байланысы өшіріле бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Бұл туралы Ресейдің Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі мәлімдеді.
Хабарламада айтылғандай, биылдан бастап шетелдік азаматтар байланыс операторларымен келісімшартты тек Біріңғай биометриялық жүйеге (ББЖ) тіркелген жағдайда ғана жасай алады. Оларға өз атына 10 сим-картаға дейін рәсімдеуге рұқсат етілген.
Бұрын жасалған келісімшарттар бойынша биометрияны тапсыру мерзімі 2025 жылдың 1 шілдесінде аяқталады. Осы күнге дейін талапты орындамағандар үшін байланыс операторлары кезең-кезеңімен ұялы байланысты өшіре бастайды.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде 2 млн-нан астам шетелдік ББЖ-ге тіркеліп, жаңа ережелер бойынша келісімшарт жасаған.
Сонымен қатар, 3 айдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған нөмірлер бірден өшіріледі. Ал белсенді нөмірлер бойынша байланыс біртіндеп шектеледі: алдымен халықаралық және қалааралық қоңыраулар бұғатталады, интернет жылдамдығы төмендейді, ал 30 күннен кейін байланыс қызметтері толық тоқтатылады. Осы мерзім ішінде келісімшартты жаңа ережелер бойынша қайта рәсімдеуге болады.
people.cn © People's Daily Online