Қазақстанда суды аз қажет ететін жаңа күріш сорты шығарылды

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 28 тамыз

Қазақстанда суды аз қажет ететін жаңа күріш сорты шығарылды. «Сыр сұлуы» деп аталатын бұл сорт аз уақытта пісіп-жетілетіндіктен, суды да аз қажет етеді, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қызылорда облысында Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр. Сынақ нәтижелері көрсеткендей, жаңа күріш сорты 105-110 күнде пісіп-жетіліп, жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген. Барлық агротехникалық талап орындалған жағдайда гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болады.

— Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы суды үнемдеудің жаңа тәсілдерін іздеуді және әзірлеуді қажет етіп отыр. Әлемдік климаттың өзгеруін ескерсек, осындай жаңа дақыл түрлері бұрыннан өсіріліп жүрген суды көп қажет ететін сорттарға жақсы балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға оң ықпал етеді, — деді Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Байманов.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото