Бүгін Қытайдың ғашықтар күні - Циси

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 29 тамыз

29 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Бүгін Қытайдың ғашықтар күні - Циси. Ендеше бір минут уақыт жұмсап осындай романтикалық күнде қандай тамақ ішуге болатынын зерттейік!

Дәстүрлі күнтізбедегі жетінші айдың жетінші күні – Қытайдың ғашықтар күні болып табылады. «Цицяо фестивалі» және «Қыздар күні» деп те аталады. Бұл Қытайдың ең романтикалық дәстүрлі фестивальдерінің бірі.

Қытайлық ғашықтар күні негізінен табиғат құбылыстарына табынудан шыққан. Қытай халқы бірте-бірте Тоқымашы қыз бен Сиыршы жігіт жұлдызына адамдық сипат берді. Ер адамдар жер жыртатын, әйелдер тоқыма тоқитын өндірістік тәжірибемен ұштастыра отырып «Тоқымашы қыз бен Сиыршы жігіт» аңызы жасалды. Кейінірек ғашықтар күні бірте-бірте бүтін бір дәстүрге айналып, мазмұнды фестиваль болып қалыптасып кетті.

Сонымен, осы дәстүрлі мерекеге лайық болу үшін қандай тағам әзірлеген жөн?

Ғашықтар күніндегі ең танымал мерекелік тағам – «Цяого»! Цяого - қытырлақ және тәтті тағамдардың бір түрі. Негізінен майға қуырылып жасалады. Тура мағынада «шебер қол мен рухтың бірігуі» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, қытырлақ тәтті, жемістер жеуге болады. Кейбір жерде балалы болу мағынасын қамтитын бес дәм (қызыл құрма, жаңғақ, жержаңғақ, шекілдеуік т.б) жеу дәстүрі де бар.

Қазіргі уақытта жастар ғашықтар фестивалінде кездесу ұйымдастырады. Бір-біріне сыйлықтар ұсынып бірге тамақтануды әдетке айналдырған. Дәстүрлі дәм, заманауи балкүлше, романтикалық кешкі ас арқылы махаббат пен сезімді жеткізеді.

2006 жылы ғашықтар фестивалі ұлттық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Екі мың жылдан бері бұл күн астрологиялық аңыздан махаббат фестивалі болып қалыптасты. Қытайдан бүкіл әлемге тарап бірте-бірте халықаралық мәні бар мәдени таңбаға айналды.

Жапон халқы ғашықтар күні өз тілектерін бес түсті қағазға жазып бамбук бұтақтарына іледі. Ал, келесі күні Бамбук бұтақтары мен шамдарын суға қалқытып жібереді. Бұл жапондықтардың тілегіміз аспан өзеніне жетсін деген наным-сенімі.

Ал, Оңтүстік Кореяда жас бойжеткендер үстелге жемістер мен көкөністерді қойып тілек тілейді. Халық сеніміне сай Тоқымашы қыз әйелдерге шеберлік пен сұңғылалық сыйлайды.

Бүгін кешке ғашықтар күнінде Тоқымашы қыз бен Сиыршы жігіттің кездескенін тамашалап, мерекенің шаттығына шомылыңыз! Баршаңызға ғашықтар күні құтты болсын дейміз! Сүйіспеншілігіңіз мәңгілікке жалғассын! 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото