Фон дер Ляйен ЕО Израильмен сауда серіктестігін тоқтататынын жариялады

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 11 қыркүйек

Еуропалық Одақ Израиль төлемдерін және онымен серіктестік келісімін ішінара тоқтатады. Бұл туралы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламент депутаттарының алдында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фон дер Ляйен әдеттен тыс қаталдықпен Газадағы «қолдан жасалған ашаршылықты» және Израильдің екі бірдей мемлекеттік шешімге нұқсан келтіруге бағытталған әрекетін айыптады.

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Израильді қолдауын тоқтатуды ұсынды. Соның ішінде азаматтық қоғамға көмектен басқа төлемдерді тоқтату ісі де бар. Ол сондай-ақ 1995 жылы қол қойылған ЕО-Израиль қауымдастығы келісімінің саудаға қатысты бөлігін ішінара тоқтатуды ұсынды.

ЕО бұған дейін Израильдің Газадағы әрекетіне қатысты келісімді қайта қарауға келісті. ЕО дипломатиясының басшысы Кайя Каллас 10 санкцияны атап, Еуропалық комиссия Израильдің Horizon Europe ғылыми бағдарламасына қатысуын шектеуді ұсынды.

Алайда, көптеген елдер еврей мемлекетімен қарым-қатынасты сақтауға ынталы.Соған байланысты Еуропадағы терең көзқарас қайшылығы әзірге консенсусқа қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Қауымдастық келісімінің сауда бөлігін тоқтата тұру үшін көпшілік дауысы қажет, бірақ Германия немесе Италия сияқты ірі елдер бұл қадамды қолдауы екіталай.

- Мен көпшіліктің даусын жинау қиын болатынын түсінемін. Бірақ жауапкершілікті бәріміз алуымыз керек, - деді фон дер Ляйен.

Қорытындылай келе, Еурокомиссия басшысы Израильдегі «экстремист министрлер» мен «агрессивті қоныстанушыларға» санкция салуға уәде берді.

Көптеген еуропалық елдер, соның ішінде Швеция мен Нидерланд, оккупацияланған Батыс жағалауда палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылыққа бірнеше рет шақырған Израильдің екі министрі Итамар Бен-Гвир мен Бецалел Смотричке санкция салып үлгерді.

- Еуропа Иордан өзенінің батыс жағалауындағы палестиналықтарға қарсы адам құқықтарының елеулі және жүйелі түрде бұзылуына жауапты тұлғалар мен ұйымдарға санкция салып қойған, - делінген Еуропалық кеңес мәлімдемесінде.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото