Қазақстанда 2030 жылға дейін 5 трансшекаралық хаб ашылады

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 27 қараша

2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында Қазақстанда 5 трансшекаралық хаб ашылады. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тиісті трансшекаралық хабтарды дамыту туралы баяндады, деп хабарлады KAZINFORM.

Бүгінде барлық бес трансшекаралық хаб бойынша басқарушы компаниялар мен олардың жұмыс істеу шарттары айқындалды. Әлеуетті инвестициялық жобалардың пулдары қалыптасты. Электр энергиясы, сумен жабдықтау, көлік жолдары және коммуникациялар сияқты негізгі инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ҚР мен Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына 2025 жылдың 31 наурызында «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мәртебесі берілді. Құрылыстың бірінші кезеңінде 100 гектар аумақ функционалды аймақтарға бөлінді, сегіз өндірістік ғимарат салынды, ішкі жолдарды абаттандыру, сыртқы инженерлік желілерді тарту, кіреберіс жолдарын қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы әуежайының маңында орналасқан. Облыс әкімдігі жалпы құны 140 миллиард теңге болатын құрылыс материалдары, жиһаз, шыны, мұнай-газ жабдықтары, пластмасса бұйымдары, сондай-ақ катализаторларды қайта өңдеу бағыттарындағы 16 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Қорғас торабы да арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие. Оның құрамына: «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы АЭА, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы кіреді. «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы АЭА аумағында жалпы сомасы 234,4 миллиард теңге болатын 41 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 17 миллиард теңгеге сегіз жоба пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін 33 жоба іске асырылады.

Каспий торабы аясында екі ірі жоба – Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб пен Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы салынып жатыр. Екі жоба да «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілген.

Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамдас бөлігіндегі Индустриялық сауда-логистикалық кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пункттерінің жанында орналасқан. Онда 385,2 миллион АҚШ долларын құрайтын 18 жобадан тұратын инвестициялық пул жасақталды. Бұл жобалар құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және медицина салаларын қамтиды. Үш жарым мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Жамбыл облысының әкімдігі кешен аумағын 50 гектардан 150 гектарға дейін кеңейту жұмыстарын аяқтаған соң, бұл кешен арнайы экономикалық аймаққа айналады. Жобаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото