Қазақстанда халықаралық есірткі желісі тоқтатылды

(Онлайн Халық Газеті)2025 жыл 5 желтоқсан

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов арнайы прокурорлар тергеуді аяқтап, есірткінің онлайн айналымына қарсы күреске қатысты бірқатар ірі істі сотқа жібергенін айтты. Бұл туралы Kazinform жазды.

— Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі істі тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді.

Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін халықаралық есірткі желісінің жолы кесілді. Тергеп-тексеру басқа құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп жүргізілді. Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел-тергеу тобына халықаралық деңгейде осы жұмыста тәжірибесі бар АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосының (DEA) қызметкерлері қатысты, — деді Берік Асылов.

Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан.

— Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқаны белгілі болды. 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленді. Ақша «дропперлердің» банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған. Криптовалюталарды шет елдердің азаматтары алып отырған. Сондай-ақ тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, жойылды, — деді ол.

Фото:Kazinform

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото