- Барлық ақпарат
Қазақстанның 2025 жылғы ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрады

Фото:gov.kz
ҚР Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға өсті. Бұл туралы gov.kz хабарлады.
ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі экономиканы әртараптандыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Өткен жылы экономикалық өсімге негізгі үлесті көлік, құрылыс және сауда салалары қосты.
Хабарламаға сәйкес, Қазақстандағы Өнеркәсіп өндірісінің индексі жыл қорытындысы бойынша 7,4%-ды құрады. Өңдеу секторы 6,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетуде. Көрсеткіштер азық-түлік өндірісінің 8,1%-ға, өңделген мұнай өнімдерін өңдеу 5,9%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің 9,8%-ға, металлургияның 1,2%-ға, машина жасау өнімдерінің 12,9%-ға ұлғаюына байланысты қамтамасыз етілді.
Жыл қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы өсім 20,4%-ды құрады (қаңтар-қарашада – 20,3%).
Құрылыс саласында өсім 15,9%-ды құрады. 2025 жылғы қаңтар-желтоқсанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метрді құрады, бұл 2024 жылғы деңгейден 5,1%-ға жоғары.
Сауда саласында да оң серпін сақталды: 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында өсім 8,9%-ды құрады.
Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы көрсеткіштер 5,9% құрады. Ақпарат және байланыс саласында өсім 3,6%-ды құрады.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың жиынтық өсімі негізгі салалардың тұрақты дамуын көрсетті.
people.cn © People's Daily Online



