Тағам мәдениетін ұнататын Куку Көктем мерекесін таныстырады

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 17 ақпан

17 ақпан, онлайн «Халық Газеті» -- Сәлеметсіздер ме! Мен тағам мәдениетін ұнататын Кукумін! Қытай дәстүрлі фестивальдік тағамдарынан дәм татудың ең маңызды сәті келіп тұр. Бұл - Көктем мерекесі! Бір минут ішінде қауышқан сәттегі көктем мерекесінің лебін сезініңіздер.

Дәстүрлі Қытай күнтізбесі бойынша, Қытай ай күнтізбесінің  бірінші күні, яғни бірінші айдың бірінші күні — жаңа жылдың басталуын білдіретін Көктем мерекесі. Көктем мерекесі кезінде адамдар ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алады. Бақыт пен бейбітшілік, отбасылық қауышу, жарасымдылық сынды  бірқатар іс-шараларға қатысып, Қытай ұлтының осы ең маңызды дәстүрлі мерекесін атап өтеді. Бұл процесс әдетте «Гуо Нянь» (жаңа жыл өткізу) деп аталады.

Көктем мерекесі ежелгі жыл соңындағы тілек тілеу мен құрбандық рәсімдерінен бастау алады. Бұрынғылар егіс уақытына қарай, жыл соңында және жаңа жылдың басында аспанға, жерге және ата-бабаларына құрбандық шалып, жаңа жылдан мол өнім тілейтін болған. Кейінірек «Нянь аңы» туралы аңыз енгізіліп, біртіндеп зұлымдықтан сақтану үшін босағаға қызыл әшекейлерді ілетін. Түн ортасына дейін ұйықтамай тілек тілеп, жақсылық сұрайтын дәстүр қалыптасқан. Бұл салттар мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Қытай халқы үшін ең құрметті мерекеге айналды.

Көктем мерекесінің басы отбасы мүшелерінің қауышып, бір дастарханнан дәм татуынан басталады. Солтүстік және Оңтүстік Қытайдың салт-дәстүрлері әртүрлі болғанымен, қауышу кешкі асын ішу қай жерде де ізгі тілекке толы. Солтүстікте тұшпара жесе, оңтүстікте тұздалған ет жейді. Барлық отбасы «жыл сайын молшылық болсын» деп балықтан жасалған(өйткені балық деген сөздің қытайша дыбысталуы «юй» - «баршылық», «молшылық» деген мағына үстейді)тағам әзірлейді. Әрбір тағам отбасындағылардың қауышу шаттығы мен жаңа жылдық тілекті бойына сыйғызып жатыр. Тағамдардан басқа, көктемгі мерекелік босағалықтарды жабыстыру, шамдар ілу, түні бойы ұйықтамай жаңа жылды қарсы алу, үлкендердің берген мерекелік ақшасын жинау, материалдық емес мәдени мұраны бағалау үшін ғибадатхана жәрмеңкелерін аралау сияқты қытайлықтардың қанына сіңген көктем мерекесінің салт-дәстүрлері атқарылады.

Бүгінгі таңда көктем мерекесі әртүрлі және тартымды мерекелік атмосферамен аталып өтуде: жастар Жаңа жыл кезінде отбасыларын саяхатқа алып барады, тіпті кейбіреулері шынайы Жаңа жылдық дәмдер мен мерекелік атмосфераны іздеу үшін ауылдық жерлерге қарай «кері саяхаттайды»; ғибадатхана жәрмеңкелері қарапайым «тамақтану және аралаудан» материалдық емес мәдени мұра тәжірибелері мен VR өзара әрекеттесуіне кеңейді, бұлар көңіл көтеру немесе мәдени жағынан болсын жұрттың қалауынан шығуда. Ал Жаңа жыл қарсаңындағы кешкі асқа жаңашылдық енгізілді: қонақ үйде тағамдарға тапсырыс беру, отбасының жеке аспаз қызметтерін пайдаланып, мерекедегі ас үй қарбаласын азайту.

Көктем мерекесі 2006 жылы ұлттық материалдық емес мәдени мұра тізімдерінің алғашқы тобына енгізілгеннен бері, бұл «қытайлық жаңа жылдық леп» ел шекарасынан асты. Көптеген шетелдік достар Жаңа жылдық дәстүрлерді шынайы сезіну үшін, Қытайға арнайы ат басын бұратын болды. Қытайлық Жаңа жыл бүкіл әлемде ортақ мәдени мерекеге айналуда.

Сингапур мен Малайзия сияқты елдерде көктем мерекесі де заңды мереке болып табылады. Көшелер шамдар және түрлі-түсті әшекейлермен безендірілген. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы көктемгі мерекелік шеруі өте думанды; Ұлыбританияның Лондонның Қытай қалашығы қызыл шамдармен безендірілген; көптеген шетелдік мектептер тіпті көктем мерекесінің мәдени сабақтарын өткізеді. Онда балаларға «бақыт» таңбасын жазуды және қағаздан қималарды кесуді үйретіп, Қытай Жаңа жылының көркемдігін сезіндіреді.

Бүгінгі көктем мерекесі кешінде әр жанұя бас қосып, мерекенің лебі бүкіл әлемде сезілуде. Баршаңызға Жылқы жылында сәттілік, бастаған істеріңізге табыс тілеймін. Болашағыңыз жарқын, отбасыңыз аман, береке-бірлігіңіз молынан болсын!

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото