Наньнин педагогикалық университеті мен Қазақстанның Еуразия ұлттық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 9 сәуір

Қытайдың Наньнин педагогикалық университетінде Қазақстанның Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-мен бірлескен «Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебі» институты ашылды. Бұл туралы Қазақстанның Еуразия ұлттық университеті ресми сайты жазды.

Аталған институт-филиалда Қытай азаматтары химия және биология салалары бойынша Қазақстанның Еуразия ұлттық университетінің білім беру бағдарламалары негізінде оқитын болады. Оқуды аяқтаған түлектер екі университеттің дипломын алады.

Институт үшін Наньнин педагогикалық университеті базасында оқу үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ететін заманауи техникалық құралдармен жабдықталған жеке ғимарат бөлінген.

Институттың ашылуы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуге бағытталған.

Ашылу салтанатына Наньнин педагогикалық университетінің президенті Лун Гуанцинь, аталған университеттің партия комитетінің хатшысы Чжан Пэн, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ екі жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото