Қытайдың Цзилинь өлкесі: «Жаңа шаруалар» ғылым-техниканың көмегімен тұзды-сілтілі жерді оңалтты

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 8 мамыр

8 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Қытайдың солтүстік-шығысындағы Цзилинь өлкесінде сапалы білім алған, техникаға жетік «жаңа шаруалар» қала өмірінен бас тартып, егіншілікке оралуда. Олар спутниктік қашықтықтан зондтау, үлкен деректер және электронды коммерция арқылы тікелей эфирде сауда жасау технологияларын пайдаланып, дәстүрлі көктемгі егісті жоғары технологиялық жұмысқа айналдырып, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға жаңа серпін беруде.

Даъань қаласында бағдарламашы Гэ Яньцзюнь қаладағы жұмысын тастап, ауылына оралып, тұзды-сілтілі жерді жақсартумен айналысады. «Цзилинь-1» спутниктік қашықтықтан зондтау және интеллектуалды суару жүйесі арқылы жалғыз өзі 500 гектар күріш алқабын қашықтықтан басқара алады. Оның тобы әзірлеген органосиликатты жақсартқыш және рН мәнін бақылайтын құрылғылар топырақтың тұзды-сілтілігін айтарлықтай төмендетіп, гектарынан 400 келіден астам өнім алуға мүмкіндік берді. Осылайша, ештеңе өспейтін сортаң жер құнарлы егістікке айналды.

Ғылым мен техниканың күші тұқым шаруашылығы мен егуде де көрініс тапты. Цзилинь аграрлық университетінің Вэй Цзяньцзяң ұжымы алты жыл бойы жұмыс істеп, тұзды-сілтілі жерге төзімді, жоғары өнімді сояның жаңа сортын өсіріп шығарды. Бұл жергілікті өлкенің табысын арттырып қана қоймай, бұл технологияны Африкаға дейін таратты.

Гунчжулин қаласында «жаңа шаруа» Чжаң Хао егу машинасын түрлендіріп, дәлме-дәл егу технологиясын қолдану арқылы жүгерінің гектарынан түсетін өнімділігін шамамен 1500 келіге арттырды.

Егу технологиясынан басқа, маркетинг тәсілі де жаңарып келеді. Сянган ғылым және технология университетінің магистрі Ван Цзинжань (әйел) ауылына оралып, әкесіне жүгері өсіруге көмектесті. Ол нарықтық деректерді пайдаланып, әкесін тек өнімділікке ғана емес, «ең жақсы дәмге» назар аудару керектігіне көндіріп, тікелей эфирде сауда жасауды қолға алды. Қазір олар еккен жүгерінің жылдық сату көлемі 200 мың данадан шамамен 2,5 миллион данаға дейін өсті. Ал табыс бірнеше есе артты.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото