- Барлық ақпарат
Жыл басынан бергі төрт айда Хунжерап бекетіндегі импорт-экспорт жүк айналымы 122%-ға өсті

27 мамыр, онлайн «Халық Газеті» -- Осы жылдың алғашқы төрт айында Шыңжаңдағы Хунжерап кедені арқылы өткен импорт-экспорт жүктерінің көлемі 38 мың тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122%-ға артты. Соның ішінде жаңғақ, мейіз, бұрыш тұқымы сияқты ерекше ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорт-экспорт құны 290 миллион юаньға жетіп, 250%-дан астам өсім көрсетті.
Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің негізгі түйіні болып табылатын Хунжерап бекеті жыл бойы ашық болудың екінші жылына аяқ басты.
Жергілікті жерден тікелей экспорттау режимі енгізілгеннен кейін, Қашқардан Хунжерап бекеті арқылы шығатын көліктердің шекарадан өту уақыты 3-5 күннен 6-8 сағатқа дейін қысқарды. Әр көлікке кететін шығын шамамен 1600 юаньға азайды.
Жыл басынан бергі төрт айда шекарадағы халықтардың өзара сауда айналымының құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4 есеге өсті.
Жыл басынан бергі төрт айда Хунжерап кеденінің тіркеуімен өткен транзиттік көліктердің саны 136-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 262%-ға артты. Бұл өсім соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Хунжерап кедені транзиттік жүктерді рәсімдеу үшін арнайы терезе ашып, арнайы мамандар тағайындады және «тәулік бойы 7 күн» режимінде алдын ала келісім бойынша кедендік рәсімдеуді жүзеге асырады.
Ауыл шаруашылығы - Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің басым даму бағыттарының бірі. Хунжерап кедені Пәкістан тарапына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді тексеріп, рұқсат береді. Сонымен қатар Қытай-Пәкістан ауыл шаруашылығы өнімдерінің «жасыл дәлізін» құру жұмыстарын белсенді түрде алға жылжытып, бекеттің өткізу қабілетін одан әрі арттырып, сауда әлеуетін барынша аша түсті.
people.cn © People's Daily Online



