Шыңжаңдық жетпіс жастағы дәрігер «Бірінші шілде медалімен» марапатталды — жарты ғасыр бойы ел ішін аралап, 100 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 2 шілде

2 шілде, онлайн «Халық Газеті» -- Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның Шағантоғай ауданы мал кәсібімен айналысатын өңірінде 71 жастағы қазақ дәрігері Оқас Сүлейменұлы 1 шілдеде мемлекеттік деңгейдегі «Бірінші шілде медалімен» марапатталды. Өзін «зейнетке шықпайтын» қарт партия мүшесі деп атайтын дәрігер бүгінге дейін малшыларға тегін ем-шара көрсетуді жалғастыруда.

Оқас 1975 жылы Тарбағатай медициналық училищесін бітірген соң, өз еркімен Барлық тауының етегіндегі малшылық өңірге жұмысқа барады. 50 жыл бойы ол атқа мініп, дорбасын арқалап, минус 40°C-тық қыста да, қапырық жазда да тау асып, тас басып, 100 мыңнан астам науқасқа ем жасады. Мыңдаған ауыр халдегі адамды ажалдан арашалап, 3200-ден астам нәрестені дүниеге әкелген. Бірде ол қар бораған жеті түнде он шақырымдай жаяу жол жүріп, босануы қиындаған жүкті әйелге көмектеседі.

2015 жылы зейнетке шыққан соң, дәрігер бірнеше күн ғана демалып, қайтадан жұмыс орнына оралып, «Оқас денсаулық күтімдеу бөлмесін» ашады. 350 адамдық еріктілер қызметін ұйымдастырып, 1500-ден астам денсаулық сақтау сабағын жүргізген. Жергілікті тұрғындар оны «бірге тумаған туысқан» деп атайды.

Оқас «Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінің озат қызметкері», «Мемлекеттік 1 мамыр еңбек ордені» сияқты көптеген марапаттар алған. Мақтау-марапатқа ие бола тұра, ол: «Малшыларға ем-шара жасау – менің борышым» деуден жазған емес. Қазір ол жұмыс істейтін малшылық өңірдегі аурухананың 20-дан астам жас дәрігері осы дәстүрді жалғастырып, жыл бойы малшылар өңірін аралап, ел шетіндегі шекаралық аумақтарда шаруалар мен малшыларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуде.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото