- Барлық ақпарат
Қазақстан мен Қытай 01.AI компаниясының бірлескен кәсіпорны — Q.AI құрылды

29 маусым күні Қазақстан мен Қытай 01.AI компаниясының бірлескен кәсіпорны — Q.AI құрылғаны жарияланды. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жазды.
Компания Қазақстан үшін бейімделген үлкен тілдік модельдерді, AI-агенттерді, корпоративтік AI-платформаларды және мемлекеттік сектор мен бизнеске арналған цифрлық трансформацияның басқа да шешімдерін әзірлеумен және енгізумен айналысады. Q.AI бас директоры болып бұған дейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект вице-министрі қызметін атқарған Дмитрий Мун тағайындалды.
Шара барысында «Жасанды интеллект Қазақстан үшін: негіздер, мүмкіндіктер және практикалық қадамдар» атты стратегиялық семинар өтті.
Семинардың мақсаты - жасанды интеллекттің қазіргі мүмкіндіктері мен оны мемлекеттік басқаруда, экономикада және әлеуметтік салада қолдану туралы ортақ түсінікті қалыптастыру, сондай-ақ басшыларды AI-трансформацияның үздік әлемдік тәжірибелерімен таныстыру болып табылады.
Шараның негізгі баяндамашысы Қытай 01.AI компаниясының негізін қалаушы және бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі, жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең беделді сарапшылардың бірі - доктор Кай-Фу Ли.
«Бүгінде әлем тарихымыздағы ең ауқымды технологиялық революцияның басында тұр. Біз чат-боттар дәуірінен AI-агенттер дәуіріне - жауап генерациялап қана қоймай, күрделі тапсырмаларды өз бетінше орындайтын, шешім қабылдауға көмектесетін және ұйымдардың жұмысын өзгерте алатын интеллектуалды жүйелер дәуіріне өтудеміз. Бұл технологияларды бүгіннен бастап енгізетін елдер алдағы жылдарда стратегиялық артықшылыққа ие болады», - деді доктор Кай-Фу Ли.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектті сәтті енгізу басшылардың өз жұмысында жаңа тәсілдерді қолдануға дайындығынан басталатынын атап өтті.
Жаслан Мәдиев: «Жасанды интеллектті тек технологиялар арқылы енгізу мүмкін емес. Ең алдымен, басшылардың ЖИ қандай міндеттерді шеше алатынын, басқару процестерінің қалай өзгеретінін және қандай құралдарды бүгіннің өзінде іс жүзінде қолдануға болатынын түсінуі маңызды. Сондықтан да бірінші басшыларды оқыту - елдің AI-трансформациясының сәтті өтуінің басты шарттарының бірі», - деді.
Фото:ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
people.cn © People's Daily Online



