Күніне үш стақан: Гуйянның ерекше сұлулығын сезініңіз

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 5 тамыз

5 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Егер сіз жазда Оңтүстік-Батыс Қытайға барсаңыз, Гуйчжоу өлкесінің Гуйян қаласына міндетті түрде саяхаттаңыз. Ормандармен қоршалған «Таулы қаланың» жазғы орташа температурасы небәрі 23°C, сондықтан ол жазғы демалыста ат басын бұратын тамаша орынға айналып отыр.

Гуйянның таңы дәстүрлі дәмдерді сәнді, заманауи атмосферамен үйлестіреді. Жергілікті кеспе тұрғындардың таңғы аста сөзсіз жейтін тағамы. Сонымен қатар, қалада жоғары сапалы кофеханалар көп, олардың көпшілігін халықаралық кофе жарыстарының чемпиондары басқарып отыр. Гуйянда кофе ішуге «стандартты жауап» жоқ. Мысалы, сіз ерекше дәмі бар жергілікті өсімдік «zhe'ergen» (Houttuynia cordata) қосылған таңғажайып кофеден дәм татуыңызға болады. Сонымен қатар, ежелгі карст үңгірлерінің немесе керемет жартастардың жанында орналасқан кофеханалар кофе ішу дейтін қарапайым әдетті шынымен ерекше тәжірибеге айналдырады.

Гуйянның түстен кейінгі кезі де өте жайлы және көңілді. 400 жылдан астам тарихы бар Цзясюй павильоны — осы жердің мәдени ескерткіші. Өзен жағасында отырып шай ішетін орындар тұрғындардың әңгімелесіп, көңіл сергітер ортасына айналған. Бұл қаланың тыныш, жанға жайлы атмосферасын көрсетеді. Тікенді алмұрт қосылған Мяо стиліндегі ашытылған жаңаша шай сусындары, кең байтақ шай атыздары табиғат қойнауындағы қоңыр тірліктің ерекше көрінісін көрсетіп жатыр.

Күн батқан сайын қала базарлары қарбалас тірлігін бастайды. Ондағы қышқыл сорпа сиыр етінің хош иісі мұрын жарады. Гуйян сонымен қатар қолдан жасалған сырасымен де танымал. Жергілікті сыра қайнатпаларында көбінесе ағаш жемжеміл (лимонға ұқсас хош иісі бар жергілікті өсімдік) және қошқыл бұрыш сияқты қоспалар қосылып, дәмі таңдайыңызда қалады.

Бүгінде қаланың жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және таланттарды тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты қолдау саясатының арқасында мұнда тұратын, бизнес бастайтын жастардың саны артып келеді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото