- Барлық ақпарат
Қазақстанның Alatau City инвесторлары 25 жылға салықтан босатылады
Қазақстанның Алатау ақылды қаласына қаржы құйған инвесторларға 25 жыл бойы қолдау көрсетіледі. Әсіресе салық жағынан бірқатар жеңілдік жасалады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында орналасқан заманауи шаһар іскерлік пен қаржылық, білім мен медицина, ғылым, өнеркәсіп, демалыс пен туризм орталығына айналмақ. Жаңа қаланың ерекшелігі туралы Alatau City Development Group компаниясының өкілі Мирас Құттыбай «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты деп жазды Kazinform.
«Alatau City» жобасына 2024 жылдың 9 қаңтарында ҚР Президенті жарлығымен қала мәртебесі берілді. Мұнда қазір 60 мыңға жуық халық тұрады. Жоспар бойынша Алатау 2 миллион адамға арнап салынады және 1 миллион адамға жұмыс орны ашылады.
Қазақстан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Alatau қаласының аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала атануы керегін әрі толығымен жеке инвесторлар есебінен салынуы қажеттігін айтқан еді.
«– Тұтас қала аумағы арнайы экономикалық аймақ болып саналады. Сондықтан қалаға келген шетелдік инвесторларға толығымен мемлекеттік қолдау жасалады. Олар барлық салықтан босатылады, кедендік салықтан босатылады. Инфрақұрылымдар және мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мемлекет есебінен салынады. Бұл инвесторларға жасалған үлкен көмек. Біз шетелдік және қазақстандық инвесторларды бөліп-жармаймыз, барлығына бірдей жағдай жасалады», – деді М.Құттыбай.
Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақ режимі 25 жылға, яғни 2048 жылға дейін жұмыс істейді. Смарт шешімдерден бөлек, ресурстарды үнемдеу, қайта өңдеу секілді экологиялық бағытқа да баса көңіл бөлінеді.
Алатау Қонаев пен Алматы қаласының дәл ортасында орналасқан. Ауа райы да қолайлы және құрылыс жұмыстарын қысы-жазы жүргізуге болады. Жаңа қала Алматыға артылған жүктемені жеңілдетіп, шетелге ағылған білімді жастарды тартуға да ықпал етпек.
Жақында Сингапур және Сеул қалаларында инвесторлар үшін Алатау қаласының шетелдік таныстырылымы өтеді. Әзірге Қытай, Сингапур, АҚШ, Таяу Шығыс мемлекеттері инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр.
people.cn © People's Daily Online