Құммен күресіп, ағаш отырғызуға қатысатын еріктілер саны артып келеді

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 10 маусым

10 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- 6 маусым – Дүниежүзілік қоршаған орта күні. Осы күні бес жүзден астам ерікті Ішкі Моңғолдағы Маоусу құмды аймағына жиналып, ағаш отырғызу акциясын өткізді.

Маоусу құмды аймағы бұрын қоршаған ортаның қолайсыздығына байланысты «желді-құмды дәліз» аталған. Қырық жыл бойы жүргізілген күрестің, әсіресе құмға қарсы әрекеттің үлгі тұтар қайраткері Инь Юйчжэнь бастаған буынның талмай еңбек етуінің арқасында бұл аймақ «құм басып, адам шегінген» кезеңнен, «жасыл желекке айналып, құм шегінген» кезеңге өтті.

1985 жылы 19 жастағы Инь Юйчжэнь Шэньси өлкесінен осы жерге отбасымен келген еді. Оның үйі – жартылай құмға көмілген жертөле болатын. Ызғарлы жел соққан түннің өзінде-ақ есікті құм бітеп тастайды. Сонда ол өзіне-өзі: «Ағаш отырғызғаннан шаршасам мейлі, құмның қорлығын көрмейін» деп өзіне серт береді. Инь Юйчжэнь отбасын бастап, шөл далада ағаш отырғызып, жасыл желекке бөлеп, көшпелі құммен күресуге кіріседі.

Жергілікті биліктің қолдауымен 2007 жылы Инь Юйчжэньнің үйінің алдынан 8 шақырымдық асфальт жол өткізіліп, бұл көшет тасу мен ағаш отырғызуды едәуір жеңілдетті. «Үш солтүстік» жобасы мен жергілікті арнайы қаражат есебінен билік оның орман өсіруіне көшеттер мен жобалық жағынан көмек көрсетіп, трактор да сыйлады. Биліктің жетекшілігімен және Инь Юйчжэнь секілді құммен күресуде тәжірибе жинаған адамдардың бастамасымен, 40 жыл ішінде Инь Юйчжэньнің үйі маңындағы 4600 гектардан астам құмды жерге көгалдандыру жүргізіліп, 8 миллионнан аса ағаш отырғызылды. Қазіргі таңда Ушэнь қарамағындағы Маоусу құмды аймағының көгалдандырылған көлемі 560 мың гектарға жетті. Көгалдандыру деңгейі 85 пайызды құрап, орман жамылғысы 32,92 пайызға дейін ұлғайды.

Жуықта Инь Юйчжэньнің 26 жыл бұрынғы американдық демеуші Сакольскимен бейнебайланыс арқылы қайта қауышуы көптеген интернет пайдаланушыларын тебірентті.

«Әлемнің әр түкпірінен талай адам назар аударғанда, мен мұның бүкіл адамзаттың ортақ арманы екенін түсіндім», – дейді Инь Юйчжэнь.

Орман арасындағы тас жолмен жүрсеңіз, жол бойында «Жершары ауылының тұрғындары» деген ескерткіш көзіңізге түседі. Ескерткіштің артқы жағында әлемнің әр түкпірінен келген адамдардың есімдері жазылған. Олар әртүрлі жолдармен осы орманның өсуіне үлес қосқан.

Инь Юйчжэньнің ықпалымен 200 гектардан астам аумаққа орман отырғызған 240-тан астам отбасы шаруашылығы пайда болды.

«Мен көпшілікті ағаш отырғызуға жұмылдырып, адамзаттың ортақ мекені – Жершарын одан әрі жақсартқым келеді», – дейді Инь Юйчжэнь.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото