- Барлық ақпарат
«Иу өнімдері» әлем чемпионатында танымал болды

12 маусым, онлайн «Халық Газеті» -- 2026 жылғы Америка, Канада және Мексика бірлесіп өткізетін әлем чемпионаты енді ғана басталды. Алайда, бір жыл бұрын, Қытайдың Чжэцзян өлкесіндегі Иу қаласының кәсіпкерлері «әлем чемпионаты режиміне» еніп қойған еді.
Вэнь Цунцзянь — Иу қаласындағы экспорттық компанияның директоры. Ол спорттық киім-кешек саудасымен 20 жылға жуық айналысып келеді, қатарынан бес әлем чемпионатына арналған жанкүйерлер жейдесін дайындауға қатысқан. Оның айтуынша, былтыр маусым айынан бастап ол тауар дайындау, өндіріс және тапсырыстар бойынша жөнелту жұмыстарына кіріскен. Содан бері тапсырыс көлемі ай сайын өсіп, 2026 жылғы Көктем мерекесіне бір ай қалғанда ең жоғары деңгейге жеткен. Биылғы наурызға қарай тапсырыстардың көп бөлігі жөнелтіліп, тапсырыс берушілерге уақытылы жеткізілген.

Вэнь Цунцзянь: «Биыл біз 12 елге үй жануарлары футболкаларын жобаладық. Сонымен қатар отбасылық көрермендер үшін балалар мен әйелдерге арналған арнайы үлгілерді шығардық», – деді. Оның айтуынша, бұл өнімдер өте танымал болып, әлі күнге дейін қосымша тапсырыстар бойынша өндіріс жүріп жатыр.
Халықаралық сауда саласындағы тәжірибелі кәсіпкер Чэнь Шаомэй бес әлем чемпионаты кезеңіндегі жағдайды толық бақылаған. Оның айтуынша, қазір Иу қаласындағы кәсіпкерлер бұрынғыдай «тапсырыс беруші не қаласа, соны жасайтын» деңгейден асып, белсенді түрде «нарықты болжай» отырып, көптеген креативті, өзіндік дизайндағы өнімдерді ұсына бастаған. Мысалы, ол құрған компания осы әлем чемпионатына арналған екі түрлі естелік допты өзі жобалап шығарды. Бұл екі доп дүкеннің «супер хитіне» айналды, әрбір тұрақты тапсырыс беруші осы екі өнімге арнайы тапсырыс береді.

Иу кеденінің статистикасы бойынша, 2025 жылы Иу қаласының спорттық тауарлар мен жабдықтар экспорты 11,65 миллиард юаньға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20,3%-ға өскен. Биыл қаңтар-ақпан айларының өзінде экспорт көлемі 2,34 миллиард юаньнан асып, 38,5%-ға өскен. Оның ішінде Америка Құрама Штаттарына, Канадаға және Мексикаға жасалған спорттық тауарлар экспорты 550 миллион юаньға жетіп, өсім 21,3%-ды құраған.

Кейбір шетел БАҚ-тары бұған дейін тұтыну тауарларына қатысты талдауында: «Қытай өндірісінің» спорттық аксессуарлар саласындағы рөлі ерте кездегі «төмен шығынды көшірме өндіріс» кезеңінен біртіндеп «тұрақты сапа + жылдам әрекет» жүйесіне ауысқанын атап өткен. Жаһандық логистикалық құбылмалылық пен шығындардың өсуі жағдайында Қытайдың стандартталған өндірісі мен жаппай жеткізудегі артықшылығы оны ірі халықаралық жарыстардың жабдықтау тізбегінде негізгі орынға ие болуына мүмкіндік береді.

people.cn © People's Daily Online



