Қытайға келетін шетелдік туристер не сатып алады?

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 3 тамыз

3 тамыз, онлайн «Халық Газеті» -- Биыл Қытайға кіруші туризм мен шетелдік туристердің тұтыну белсенділігі артып, «Қытайда зат алу» шетелдік әлеуметтік желілерде өзекті тақырыпқа айналды. Мемлекеттік статистика бюросының мәліметінше, жылдың бірінші жартысында визасыз кірген шетелдік туристер саны шамамен 17,82 миллион адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,6%-ға өскен. Хайнаньның елден шығарда салық қайтару саудасының көлемі 19,9 миллиард юаньға жетіп, 18,8%-ға ұлғайған. Бұл көрсеткіштер кіріс туризмі нарығының әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Бейжің, Шанхай, Сиань секілді бірнеше ірі қалалардың сауда орындарына жүргізілген шолуға негізделгенде, шетелдік туристердің сатып алу әуестері айқын және ортақ. Ең көп сұранысқа ие болған – заманауи технологиядағы интеллектуалдық өнімдер. Отандық телефондар, Bluetooth құлаққаптар, смарт-сағаттар мен басқа да ақылды құрылғылар, портативті цифрлық жабдықтар сапалы әрі ыңғайлы болғандықтан, шетелдіктер арасында ең танымал тауарларға айналды.

Сонымен қатар қытайлық эстетиканы бойына сіңірген мәдени өнімдер – фарфор, жібек қуыршақтар, ерекше дизайнды заманауи ойыншықтар, ұлттық стильдегі сәндік бұйымдар туристердің ерекше сыйлық ретінде алып кететін тауарларына айналды.

Жетілдірілген өндіріс тізбегінің нәтижесінде, тапсырыс бойынша тігілген жоғары сапалы киімдер, тоқыма бұйымдары мен төсек-орын жабдықтары да үлкен сұранысқа ие болды. Жылдам дайындау мерзімі мен қолжетімді баға бұл күнделікті тұтыну тауарлары мен киімдерді жаңа бестселлерлерге айналдырды.

Деректерге сәйкес, жылдың бірінші жартысында Бейжіңдік Сюшуйцзе көшесіне кірген туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 8 еседен астамға артқан. Ванфуцзин тобының салықсыз сауда бойынша салық қайтару көлемі өткен жылдың жалпы деңгейінен айтарлықтай асып түсті.

Қытайдағы тұтыну ортасы үздіксіз жақсарып келеді. Қытайда енгізілген елден шығарда салық қайтару 2.0 саясаты, көптілді ақылды сервистік терминалдар және халықаралық пошта жеткізу қызметтері шетелдіктердің сауда жасаудағы кедергілерін азайтты.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото