Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы сауда және инвестициялар жөніндегі консультациялық тетіктің екінші кезекті отырысының қорытындылары жарияланды

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 12 қазан

12 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- 8-9 қазан күндері Бейжіңде Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао мен Еуропалық комиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы сауда және инвестициялар жөніндегі консультациялық тетіктің екінші кезекті отырысын өткізді. Тараптар прагматикалық әрі нәтижелі пікір алмасулар жүргізіп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.

Уағдаластықтар тізімі 16 тармақтан тұрады, олар сауда мен инвестициялар теңгерімі, экспортты бақылау, зияткерлік меншік құқықтары және ДСҰ реформасы сияқты салаларды қамтиды. Негізгі тұстарға мыналар кіреді: тараптар ДСҰ ережелері аясында кейбір тауарларға салынатын баж салығын төмендету мүмкіндігін қарастыруды жалғастырады; тараптар сауданы мониторингтеу тетігі аясында байланыс пен ынтымақтастықты нығайтуды және өзара түсіністікті арттыру үшін диалог тетігін одан әрі тиімді пайдалануды жалғастырады; тараптар ДСҰ ережелеріне сәйкес келетін тәсілдер бойынша гибридті көлік құралдары саудасында ортақ түсіністікке келді; тараптар экспортты бақылау саласындағы мәселелерді шешуге деген ұстанымдарын растады, қос мақсаттағы тауарлардың талапқа сай саудасын жүргізу үшін құрылымдық жеңілдету шараларын енгізу мүмкіндігін талқылады; тараптар зияткерлік меншікті тиімді және әділ қорғау мен оның сақталуын қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, осы саладағы ынтымақтастықты жалғастыруға және кезең-кезеңімен орындалатын мақсаттарды белгілеуге келісті; сондай-ақ тараптар ДСҰ реформасы бойынша екіжақты байланыс пен ынтымақтастықты ашық және сындарлы түрде одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Екінші кезекті отырыс қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен мәлімдемеде тараптар негізгі сауда серіктестері ретінде, ДСҰ ережелері аясында келіспеушіліктерді лайықты түрде шешуге, екіжақты экономикалық және сауда қатынастарын тұрақтандыруға және оларды теңгерімді етуге ұмтылатынын растады. Қытай мен ЕО осы тетіктің үшінші кезекті отырысын 2027 жылдың наурыз айында өткізуге келісті. Осыдан бұрын тығыз байланыста болуды, соның ішінде қаңтар айында министрлер деңгейінде бейнеконференция өткізуді жоспарлады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото