Юньнань өлкесінің Нуцзян облысы: Дөңгелек дәулетті қоғамды жан-жақты құру жолында бірде-бір этностық топ назардан тыс қалмауы тиіс

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 15 қазан

15 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Нуцзян Лису автономиялық облысы Юньнань өлкесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бұл облысқа Лушуй қаласы, Фугун ауданы, Гуншань-Дулун-Ну автономиялық ауданы және Ланьпин-Бай-Пуми автономиялық ауданы қарайды. Аумағының 98%-дан астамы таулы жерлерден тұратын бұл өңір «үш өзенді қоршаған төрт тау жотасы» ландшафтымен ерекшеленеді. Мұндағы халықтың бұрынғы тұрмыс-тіршілігін «Асау аққан Нуцзян өзенінің екі жағалауын жалғыз арқан көпір ғана жалғайды» деген сөз тіркесі жанды суреттейтін.

2011-2016 жылдар аралығында мемлекеттің қолдауымен Нуцзян облысында Нуцзян, Ланьцан және Дулун өзендері арқан көпірін көпірлерге алмастыру жобасы жүзеге асырылды. Барлығы 42 арқан көпірдің орнына 36 көпір салынып, өзен бойында тұратын тұрғындардың бір жағалаудан екінші жағалауға өту қиындығы айтарлықтай жеңілдеді. Мацзи ауылы Мацзими елді мекенінде тұратын лису ұлтының өкілі Юй Чуньхуа «Көпірлер салынғалы бері өзеннен өту үшін арқанға жармаспайтын болдық. Соңғы жылдары өміріміз түбегейлі өзгерді»-, деп тебіренді. Қазіргі таңда Юй Чуньхуа ауылдық медицина қызметкері болып жұмыс істейді, ал оның сіңлісі Юй Цаймэй цаого (Amomum tsaoko Crevost et Lemarie) өсірумен айналысады. Бұл кәсіп отбасының жылдық табысына шамамен 20 000 юань қосады.

Гуншань ауданындағы Дулунцзян ауылы — саны аз халықтың бірі саналатын Дулун халқының негізгі мекені. Табиғи жағдайлар мен басқа да факторларға байланысты бұл аймақ бір кездері Юньнань өлкесіндегі, тіпті бүкіл елдегі ең кедей және дамымаған өңірлердің бірі болған еді. 2014 жылдың сәуірінде Гаолигун тауы арқылы өтетін Дулунцзян автомобиль туннелінің құрылысы аяқталды. Осылайша, Дулун халқының жолын қалың қар жарты жыл бекітіп тастайтын күндер түбегейлі өзгерді. 2015 жылдың 20 қаңтарында Юньнань өлкесінің Куньмин қаласында Гуншань ауданының кадрлары және жергілікті тұрғындар өкілдерімен кездесу барысында Бас хатшы Си Цзиньпин: «Дөңгелек дәулетті қоғамды жан-жақты құру жолында бірде-бір этностық топ назардан тыс қалмауы тиіс»-, деп атап өтті. 2018 жылдың соңына қарай бүкіл Дулун халқы кедейліктен толық арылды. Бұл олардың жоқшылық пен артта қалушылықтан дөңгелек дәулетті қоғам деңгейіне көтерілген тарихи серпілісі болды.

2022 жылдың мамыр айында «China Southern Power Grid» компаниясы жүзеге асырған Дулунцзян ауылындағы 35 кВ-тық электр желісі жобасының ресми іске қосылуымен, аймақтағы электр қуатының тұрақсыз берілу мәселесі түпкілікті шешілді. Қазіргі таңда мұнда жергілікті тұрғындар жүргізетін қонақ үйлер мен демалыс орындары қарқынды дамып келеді. Дичжэндан ауылының тұрғыны Ли Юйхуа дәстүрлі дулун кілемдерін тоқу және өңдеумен айналысатын кооператив құрды. Ол ауылдағы басқа әйелдермен бірлесе отырып, осы дәстүрлі қолөнерге мұрагерлік етуде. Олар тоқыған шарфтар мен сөмкелер сияқты мәдени-шығармашылық өнімдер туристер арасында үлкен сұранысқа ие. 2025 жылға қарай Дулунцзян ауылындағы жан басына шаққандағы таза табыс 20 424,65 юаньға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,02%-ға өскен. Қазір жергілікті халықтың әл-ауқаты тұрақты түрде жақсарып келеді.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото