Қытай мен Орталық Азия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде

(Онлайн Халық Газеті)2026 жыл 29 қазан

29 қазан, онлайн «Халық Газеті» -- Ауыл шаруашылығы ғылым-технологиясы саласындағы ынтымақтастық Қытай мен Орталық Азия елдерінің бірлескен дамуына жаңа серпін беруде. Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылық пен топырақтың сортаңдануы сияқты мәселелерді шешу мақсатында, Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті (Northwest A&F University) 2024 жылы Қытай-Қазақстан сортаң жерлерді игеруге және ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануға арналған демонстрациялық алаң құрды. Бұл бастама су үнемдейтін суару технологияларын енгізуге, топырақ сапасын жақсартуға және экологиялық ортаны қалпына келтіруге ықпал етті.

Жоба сарапшысы әрі Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің өкілі Фэн Хаодың айтуынша, бұл технологиялар мен өнімдер 2000 мудан астам аумақта қолданысқа енгізілді. Нәтижесінде жүгері өнімділігі орта есеппен 20%-дан астамға артып, суды тұтыну көлемі 30%-дан астамға үнемделді. Жоба аясында жергілікті ауыл шаруашылығы саласының 200-ден астам қызметкері мен ферма мамандары оқытылды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті сияқты оқу орындарымен кадрлар даярлау бағытында ынтымақтастық орнатылып, ауыл шаруашылығы технологияларымен бөлісу және ғылыми зерттеу алмасуын ілгерілетуге жол ашылды.

Қырғызстанда қытайлық мамандар аласа тамыр жүйесі бар алма ағаштарын өсіру технологияларын енгізуге жәрдемдесті. Бұл жергілікті жеміс өнімділігін арттыруға, көшет құнын төмендетуге және жергілікті деңгейде көшет өндірісін дамытуға септігін тигізді.

Тәжікстанда Қытай тарапы цифрлық ауыл шаруашылығына арналған демонстрациялық алаңдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобалары арқылы жергілікті ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және агроөнеркәсіптік тізбегін дамытуға қолдау көрсетуде.

2026 жылдың 25 қазанында Қытайдың Шэньси өлкесіндегі Янлин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды. ШЫҰ-ның ауыл шаруашылығы технологияларымен алмасу және мамандарды оқыту жөніндегі демонстрациялық базасы ретінде, Янлин қаласы 2019 жылдан бері 100-ден астам оқыту курсын өткізді. Осы бағдарламалар арқылы мүше мемлекеттер мен аймақтардан келген 3200-ден астам ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, техникалық мамандары біліктілігін арттырды.

Сортаң жерлерді басқарудан бастап, суды тиімді пайдаланып, өнімді арттыруға дейін, техникалық оқытудан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасына дейін Қытай мен Орталық Азия елдері практикалық ынтымақтастықты пайдалана отырып, ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы тәжірибе алмасып, аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін, ауыл шаруашылығын жаңғыртуды және тұрақты дамуды ілгерілетуде.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото