- Барлық ақпарат
Нанкинде Қытай-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумы және Қытай-Орталық Азия ынтымақтастық форумы өтеді

27 қараша, онлайн «Халық Газеті» -- 30 қарашадан 2 желтоқсан аралығында Цзянсу өлкесінің Нанкин қаласында 4-інші кезекті Қытай-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумы және 13-інші Қытай-Орталық Азия ынтымақтастық форумы өтеді. Іс-шараларға Қытай мен Орталық Азияның бес елінен келген орталық және жергілікті билік өкілдері, Қытайдағы елшілер, дипломаттар, бизнес-қауымдастықтары мен іскерлік өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сынды 400-ден астам қонақ қатысады.
Ашылу салтанатынан бөлек, форумдар аясында сауданы жеңілдету, жасанды интеллект, әйелдер ісінің дамуы және дос қалалар арасындағы байланыстар сияқты тақырыптар бойынша секциялық отырыстар өтеді. Сондай-ақ іскерлік кездесулер (B2B) және Қытай мен Орталық Азия арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жетістіктерін көрсететін көрме ұйымдастырылады. Көрмеде дипломатиялық қарым-қатынастар орнағаннан бергі екі тараптың мемлекет басшылары деңгейіндегі дипломатия, «Бір белдеу, бір жолды» бірлесіп салу және тағдыры ортақ қауымдастық құру бағытындағы ілгерілеушіліктер көрсетіледі.
2025-2026 жылдар «Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығының жоғары сапалы даму жылы» деп жарияланды. Қытай-Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумы екі мемлекет басшысының уағдаластықтарын жүзеге асырудың және «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапалы бірлесіп салуды ілгерілетудің маңызды тетігі.
2012 жылы негізі қаланған Қытай-Орталық Азия ынтымақтастық форумы көп жылдар бойы аймақтық достық пен өзара тиімді әрі тең ұтысқа жетуді нығайтуға қызмет етіп келеді.
Өңіраралық деңгейдегі нақты ынтымақтастық пен жоғары сапалы дамуға бағытталған бұл екі форумның бір алаңда өтуі тағдыры ортақ Қытай-Қазақстан қауымдастығын қалыптастыруға, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көп салалы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге үлес қосады.
people.cn © People's Daily Online



